АРЫСТАҒЫ ЖАРЫЛЫС: «Қаза тапқандар туралы мәліметтерді жасыру мүмкін емес» (видео)

977
​Бүгін Арыстағы орын алған төтенше жағдай кезінде қаладан көшкен халық өз үйлеріне оралуда.
Арыс қаласының бүгінгі жағдайымен танысу мақсатында Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Арыс қаласында қару-жарақты басқа қоймаларға таратылады. Ондағы барлық қауіпті оқ-дәрілер жарылып кеткен.
Арыс қаласындағы әскери бөлімнің көшіруіне байланысты министр өз жауабын берді.
«Арыста арсеналды қоймадан басқа да әскери бөлімдер де бар. Олардың оқ-дәрілерге ешқандай да қатысы жоқ. Ол бөлімдер қалуы мүмкін. Бірақ олар қауіпсіздік үшін керек. Оларда ешқандай да қару-жарақ, оқ-дәрі жоқ. Оқ-дәрілердің мерзімдерінің бәрі Заңға сәйкес, нұсқаулық бойынша, ескірген қару-жарақ өте аз 5 пайыздан аспайды. Сондықтан ескірген оқ-дәрілерден жарылыс болды деп айтуға болмайды», — деді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.

Сондай-ақ, Қорғаныс министрі «3 адамнан көп азамат қаза тапты» деген ақпараттың жалған мәлімет екендігін жеткізді. Ондай мәліметті туысқандарынан, балаларынан жасыру мүмкін емес екендігін де айтып өтті.

Сонымен қатар, ҚР қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қазіргі таңда Қорғаныс министрлігі тарапынан кеткен шығын көлемін есептеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын да мәлім етті. Нәтиже белгілі болғаннан соң жауапты немесе кінәлі қызметкерлер қатаң жауапкершілікке тартылатынын айтты.