Бас санитар дәрігер Шымкентте ішінен сынап табылған сүт қоспасына қатысты мәлімдеме жасады

2119
Шымкентте екі айлық сәби аяқ астынан іші өтіп, құса бастағаннан кейін ауруханаға түсті. Артынша ол ішкен балаларға арналған сүт қоспасынан сынап табылған еді. Бұл жайтқа қатысты пікір білдірген еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бүгінде сәби мен анасынан биосынамалар алынып, зерттеліп жатқанын айтты, деп хабарлайды КТКарнасына сілтеме жасап Ardak.kz

Десе де сәбидің әкесі жасанды сүттен табылған сынаптың қалдығын беруден бас тартыпты.

«Шымкентте «Humana» қоспасын сатуды  тоқтаттық. Әкесінің ол жеке пікірі ғой.  Әрине, біз оны түсінбейміз. Бірақ, ол кісімен қазір сөйлесіп жатырмыз», – дейді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин.

Айта кетсек, биылғы жылдың басынан бері жасанды сүттің 58 сынамасы зерттелген екен. Олардың барлығы зиянды заттардан таза болып шығыпты.

Еске сала кетсек, Шымкентте 2 айлық сәби құрамында сынап бар жасанды сүттен уланып қалған еді. Дәрігерлер уақытша ана сүтін емізуге тыйым салғандықтан екі айлық баласына жасанды сүт берген соң, сәбидің іші өтіп, қан құса бастаған. Дер кезінде ауруханаға жатқызылған баланың үлкен дәретінен сынаптың қалдықтары шыққан. Осылайша баланың ата-анасы сынапты жасанды сүттің қорабынан шыққан болар деп болжауда.