БІЛІМ МЕН ІЛІМ – РУХЫМЫЗДЫҢ НЕГІЗІ

40
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы рухани жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жүйелі жалғасы саналатын «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы рухани жаңғырудың негізгі құрамдас бөлігі ретінде тарихи сананы жаңғырту міндетін жүктеді.
Жоғарыда аталған мақалалардың мазмұны мен мақсаты әлемдік жаһандану үрдісінде техникалық прогресс материалдық құндылық пен рухани құнды­лықтармен бірге қатар дамығанда ғана сапалы нәтиже беретінін негіздесе, екінші жағынан рухани дағдарыстарға тосқауыл қоюдың алғышарты болып табылады.
Қазіргі заманғы рухани дағдарыс ғылым мен техниканың дамуымен тығыз байланысты. Ғылыми тілмен айтсақ, қоғамның дегуманизация мәселесі бүгін бүкіл адамзат үшін өзекті болып отыр. Дегуманизация – латын тілінен аударғанда қоғамның рухани және адамгершілік құндылықтарының жоғалуы, қоғам адамның индивидуалды қадір-қасиеттеріне, тұлғаны сыйлау, әділдікке негізделген дүниетанымның форма­сынан бас тарту.  Дегуманизация  қоғамның мәдени қырларын жояды. Мысалы, тарихқа үңілетін болсақ, Орта ғасырдан Жаңа заманға өтпелі алғышарт болған Өркендеу дәуірі ғылым мен техниканың, мәдениеттің дамуына мүмкіндік ашқан кезең деп саналады. Бұл кезеңде ғылым гуманистік, пантеистік және антропоцентристік бағытта дамыды: керемет мәдениет туындылар авторлары Леонардо да Винчи, Джотто ди Бондоне, Микеланджело,  натурфилософтар Николай Коперник, Галилео Галилей, Джордано Бруно, гуманист философтар Данте Альегери, Франческо Петрарка, Лоренцо Валла, Эразм Роттердам­ский және тағы басқалары. Ал орта ғасырда ғылыммен айналысуға мүмкіндік берілмей, философия діннің шырмауында болып, оның күңі қызметін атқарғаны барлығымызға белгілі.
Қоғамдағы адам мәселесі әруақытта өзекті мәселе екені айқын. Адам мәселесі – философияның  Сократ бастаған, қазіргі кезеңге дейін маңыздылығын жоймаған негізгі мәселелерінің бірі.  Мысалы,  Жапония экономи­калық даму жағынан әлемде үшінші орында, яғни алғашқы ондыққа кіреді. Алайда, қазіргі жапондықтар виртуалды әлемде өмір сүреді, яғни нақты дүние мен жасанды өмірді шатастыруда. Ал  осындай жағдайда адамға көмекке келіп, өмірлік бағыт-бағдар сілтеп отыра­тын, қоғамның рухани дамуына ықпал ететін гумани­тарлық ғылымдар екені белгілі. Сондықтан Елбасы­мыздың мақалаларында гуманитарлық ғылым­дарды дамыту мәселесін көтеруі – заңды құбылыс.
Дегуманизация процесінің пайда болу себептерін қарастырсақ, бірінші, ғаламдық жаһандану. Оның нәтижесінде  мәдениеттердің, ұлттар мен тілдердің жойылуы жүріп жатыр. Алайда, жаһанданудың осындай теріс жақтарымен бірге, оң жақтары да бар  екенін жасыруға болмайды. Жаһандану – ХХ ғ. аяғы мен ХХІ ғ. басындағы жер шары кеңістігінде өріс алған әлеуметтік өзгерістер мен шынайылық мағыналардың мәні. Жаһандану терминінің мағынасы «халықаралық бірігу» немесе экономикалық, технологиялық, мәдени-әлеуметтік және саяси күштердің қиылысуы. Ол өз елінің тарихы мен мәдениетін білмеген мәңгүрт ұрпақтың қалыптасуына мүмкіндік береді.
Екіншіден, адамның техникаға тәуелді болуы. Зерттеу­ші Мэмфордтың «үлкен машина» концепциясы бойынша, адам үлкен машинаның құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Адамдар арасындағы гуманистік, адамгершіліктік қатынастар жоғала бастайды. Бұл адам ойлау процесінің аясын шектейді. «Бір  өлшемді  қоғам», «Бір  өлшемді адам» ұғымдарын енгізген Маркузенің концепциясы тұрғысынан алғанда, бір  өлшемді қоғам дегеніміз – бұрынғы адамгершілік құндылықтардың бәрінен айырылған, басты құндылығы индустриалды даму болып саналатын тоталдық жүйе. Бір өлшемді қоғамның қауіптілігі – ол ерекше «адам типін», яғни ештеңе айтпайтын және айтқысы келмейтін, мемлекеттік құрылымдарға толық тәуелді адамды тудырады. Адамдар жеке басының мәселесін өз бетінше шеше алмайды, мемлекеттен жәрдем күтеді.
Үшіншіден, адамдар өз мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланбайды, әрбір нәрсені орынды пайдаланбау – қателікке әкеледі. Мысалы, дұрыс мамандық таңдамау. Ғылым саласындағы қызмет атқаратын адам ғылымға материалдық құндылықтар үшін емес, ғылымның өзі үшін келуі тиіс. Ғылымға кездейсоқ келетін кезбелер оның дамуына кедергі жасайды және жеке басының мүддесін ғана көздеп, ғылымның мәртебесін түсіреді. Елімізде ғылым жолына бет бұрған азаматтарға қатаң талаптардың қойылуы заңды. Қозғалып отырған мәселе, тек ғылымға емес, барлық салаға қатысты айтылған.
Төртіншіден, адамдар арасындағы мәміленің жоғалуы – екі әлемнің бір қоғамда өмір сүруі, көштің ілгері дамығаны алдыңғы қатарда болып, көпшіліктің артта қалуы әлеуметтік талаптар мен билік арасындағы консенсустың жоқтығына алып келеді.
Қоғамның прогрессивті немесе регреске ұшырауы ғылымның дамуымен тығыз байланысты. Ортағасыр­лардағы араб-мұсылман  қалаларының надандықтан білімге бет бұруы Араб халифатының көреген басшысы әл-Муминнің бүкіл әлемдегі ғалымдарды бір орталыққа жинауы, бұл саясаттың нақты жүзеге асуы біздің Отырардан шыққан Әбу Насыр әл-Фараби, Қасым әл-Фараби және тағы басқа ойшылдардың Бағдат қаласына білім мен ілім іздеп жол тартуына негіз болды.
Сондықтан елімізде ғылым саласына назар аударыла бастауы дұрыс бетбұрыс деп санауға болады. Өз тарихы мен мәдениетімізді біле отырып,  ұлттық бірегейлігімізді сақтай аламыз. Яғни «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – осы  мәселелерді шешу жолы екені күмәнсіз.
Айдана ЕРЖАНОВА,
ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистрі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз