Қазақстанда күніне 150 жұп ажырасады

183
Ажырасу оңай ма? Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, елімізде күніне 150 жұп ажырасады екен. Яғни бұл сағатына 7 отбасының шаңырағы шайқалады деген сөз. Сорақысы, жыл сайын дәм-тұзы жараспай, ажырасып кететіндердің қатары артып келеді, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Ал, некелескендердің саны керісінше азаюда. Бұған не себеп? Тәрбиеден көреміз бе, әлде жастардың әлеуметтік жағдайы шынымен қиын ба? Депутаттар бұл мәселені шешу үшін қандай бағдарлама ұсынбақ? Ал, сарапшылар оларды неге қолдамай отыр? Өздерінің ұсынысы қандай?

Бүгінде жастар үшін үйлену емес, ажырасу оңай болып кеткендей. Біз емес, сандар сөйлесін.

Статистика комитетінің дерегінше, елімізде соңғы бес жылдың ішінде некелескендердің саны 15 пайызға төмендеген. Сөйтіп былтыр 137 797 жұп қана отау құрыпты. Ал ажырасқандарға келсек, жағдай тіпті көңіл көншітпейді. Некесін бұзғандардың қатары 3 пайызға артып, өткен жылы бұл көрсеткіш 54 797ні құрапты. Яғни отасқандардың тең жартысына жуығы ажырасып кеткен.

Гүлмира Маханбетова, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің бас сарапшысы:

«Ажырасқандардың орташа жасы ер адамдарда 38,5, ал әйел адамдарда 34,3. Осы қаңтар-қыркүйек айындағы ағымдағы жылдың 1000 адамға шаққанда Павлодар облысында 4,2, Нұр-Сұлтан қаласы 4,1, Ақмола облысы 3,9, Алматы қаласы 3,8».
Ажырасқандардың қатарында кәмелет жасына толмағандары да бар. Тек былтырдың өзінде ерте некелескен 1000-нан астам жұптың шаңырағы шайқалыпты. Неге?
Бейбіт Мамраев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Әрине баспана мәселесі. Әрине жұмыс мәселесі көтеріледі. Әрине бала мәселесі көтеріледі. Баланы балабақшаға беру. Бұл өте кешенді мәселе. Оны жүйелі кешенді түрде шешу керек деп ойлаймын. Сондықтан мемлекеттің барлық мекемелері жергілікті атқарушы органдар да сөзбен емес, іспен осыған үлесін тигізу керек.»
Алайда психологтар ажырасуға бел буған жастарға ешқандай мемлекеттік бағдарлама көмектеспейді, мәселе мүлдем басқада, дейді.
Жанагүл Тұрманова, психолог:
«Ажырасу бұл жерде психологиялық проблема. Оған ешқандай бағдарлама да, ешқандай заң да көмектеспей қалуы мүмкін. Өйткені, ол адамның қалауы. Ал адамның қалауына не әсер етті? Оның ажырасуға не себеп болды? Соны анықтап, сонда ғана жүмыс істесек, онда ажырасу азаяды».
Ауызбен айтқанда бәрі оңай сияқты көрінеді. Бірақ іске келгенде тигізіп жатқан пайдасы шамалы екенін түсінесің. Қоғам белсендісі Камал Альпеисова, мәселенің түп-төркіні ата-ананың балаға берген тәрбиесінде жатыр дейді.
Камал Альпеисова, қоғам белсендісі:
«Қыз баланы ойбай, осы менің ханшайымым деп өсірмеу керек. Қыз баланы сен болашақ анасың, сен үйдің шаруасын шыр көбелек айналдырып отыратын, бір үйдің ұйытқысысын деп үйрету керек. Мен мынау тойларда шешелерінің құдағи енді өзіңіз тәрбиелеп аласыз деген сөздеріне қарным ашады. Жоқ, ол шешесі тәрбиелеу керек оны. Сол сияқты ұлды да сен болашақ күйеусің, сен болашақ әкесің, сен асыраушысың деп үйрету керек».
Өкініштісі, көбі мінездері келіспегеннен, я дәм-тұзы жараспағаннан ажырыспайды. Бұл мәселені қазбалай берсең, түбі тереңде жатыр. Толық емес отбасы боп, баспаналы болу үшін немесе сол бір жәрдемақы алу үшін некелерін бұзатындары жетерлік. Араларында тіпті әлеуметтік жағдайы жақсы отбасылар да бар.
Ахметжан Бейсембек, заңгер:
«Тәжірибе көрсеткендей, кейбір ҚР азаматтары мүліктік ниетте некелерін жалған бұзуға барып жатады. Бұл әсіресе, көрсеткішке қарайтын болсақ, шенеуніктердің арасында. Себебі осыған дейін бұрын тұрып жатқан пәтерін сақтап қалады, сонымен қатар құқықтық тұрғыда пәтерсіздер категориясына жатады. Бұл осы азаматтарға жаңадан пәтер алуға мүмкіндік береді.»
Осылайша, неке деген жастар арасында құдды бір ойыншыққа айналғандай. Ресми дерекке сенсек, елімізде күніне 370 жұп шаңырақ көтеріп, оның 150-і ажарасады. Яғни сағатына 7 отбасының шаңырағы шайқалады деген сөз. Айта кетерлігі, некесін бұзатындардың 70 пайызында ортақ балалары бар.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз