Өзі билеген Самарқанда Жалаңтөс баһадүрге ескерткіш жоқ

362
Самарқанды 44 жыл билеп, 100-ге жуық тарихи нысан салдырған қазақ батыры туралы журналистік зерттеу жасау үшін informburo.kz тілшісі Өзбекстанға барып қайтты.
Баһадүр … Ол кім?
Қазақ тарихында Жалаңтөс баһадүр есімі тек Орбұлақ шайқасы туралы деректе келтіріледі. Ол жоңғарларға қарсы шайқаста 20 мың қолмен Салқам Жәңгірге көмекке келген. Бұл – жоңғарлар шапқыншылығына қарсы күрестегі қазақтың тұңғыш жеңісі болатын. Баһадүр туралы одан өзге дерек Қазақстан тарихы оқулықтарында жоқ.
Жалаңтөс 1576 жылы қазіргі Өзбекстан республикасы Науаи облысы төңірегінде дүниеге келген. Әкесі Төртқара руынан шыққан Сейітқұл Сырдария өзенінің оңтүстігіндегі кіші жүз қазақ руларын басқарған. Жалаңтөс Бағдатта білім алып, соғыста жастайынан шеберлігімен көзге түседі. 17 жасында Әлімұлы руларының биі атанса, 36 жасынан өмірінің соңына дейін Самарқанды билеген.
Жалаңтөс 100 мың әскермен парсыларға тойтарыс беріп, Хорасан және Балх қалаларын жаулап алған кезден баһадүр атанады. Оның беделі Мәуераннахрмен қатар, қазақ жеріне, Ауғанстан, Үндістан және Тибетке дейін белгілі болған.
Өзбектер Жалаңтөстің қазақ екенін мойындағысы келмейді
Әлімұлы ішіндегі Төртқара руынан шыққан қазақ батырының жерленген жерін, оның бүгінгі жағдайын анықтау мақсатында Самарқанға жол тарттық. Жалаңтөс баһадүрдің мәйіті Самарқан қаласының солтүстік-батыс жағында 12 шақырым қашықтықтағы Дағбет деп аталатын жерде екен.
Жалаңтөс өзі пір тұтқан Махдуми Аъзам есімді қазіреттің қасына жерленіпті. Баһадүрден бөлек қазіретті өз ұстазы деп білген тағы шейх деңгейіне жеткен 28 билеушінің қабірі де осы жерде екен.

Самарқан маңындағы Дағбеттегі Махдуми Аъзам зираты / Фото іnformburo.kz

– Жалаңтөс баһадүр – Әмір Темірден кейінгі Самарқанды көркейткен ұлы тұлғалардың бірі. Ол 44 жыл қаланың өркендеуіне үлес қосып, 100-ге жуық тарихи маңызы бар ғимарат салдырған. Баһадүр өзбек тарихында өшпес із қалдырды, – дейді зират жанындағы «Шарқ мероси» тарихи зерттеу орталығының маманы Карибжон Махмұдов informburo.kz тілшісіне.
«Жалаңтөс – қазақ батыры емес пе?» деген сұрағымызға Карибжон: «Жалаңтөс баһадүр Мәуераннахрда туған. Оның беделі Орта Азияға, көбіне Өзбекстанға ортақ болуға тиіс», деп қысқа қайырды.
Айта кетсек, өзбек тіліндегі Википедияда Жалаңтөс баһадүрді «өзбектердің Алшын руынан» (O’zbeklarning Olchin qabilasidan) деп жазылған.
Жалаңтөс Самарқанның дамуына қандай үлес қосты?
Тарихи деректерге сүйенсек, Самарқанның бізге белгілі 74 әмірі болған. Танымал билеушілердің қатарында Әмір Темір мен оның немересі Мырза Ұлықбек те бар. Әмір Темір Мәуераннахрды 35 жыл билесе, Ұлықбек 40 жыл Самарқанды басқарады. Ал көне қаланы ең ұзақ билеген (44 жыл) әрі оның дамуына Әмір Темір сияқты үлес қосқан Жалаңтөс баһадүр екені көпке айтылмай жүр.
Самарқанда тарихи жәдігерлер мен ғимараттар көп, орта ғасырдың діни медреселері мен зират тіптісансыз. Ұлы тұлғалар жерленген ескі аймағы (Афрасиаб) қаланың туристерге тартымды бөлігі болып саналады.
Бұхара хандығын зерттеген өзбек тарихшысы Әбдурауф Фітрәттің жазған дерегіне сүйенсек, Самарқанның Әмір Темір билеген замандағы даму үдерісі Жалаңтөс баһадүр дәуірінде ғана қайта қалыптасады. Оған дейін Темір ұрпағының арасындағы таққа талас қала өркениетін біршама артта қалдырған.

Регистан алаңындағы Жалаңтөс баһадүр салдырған Тіллә Қари медресесі / Фото іnformburo.kz

– Жалаңтөс баһадүрдің есімі Орта және Кіші Азияға, Үндістан мен Ауғанстанға, Парсы елдері мен Тибетке белгілі болған. Ол әр жорығынан алып қайтқан байлығын әскерін көбейтумен қатар қаланың өркендеуіне де жұмсаған. Жалаңтөстің арқасында Самарқанда 500-жылдық тарихы бар медреселер мен діни дәрісханалар бар, – деп жазады Фітрәт «Жұрт қайғысы» атты еңбегінде.
Ал Махдуми Аъзам зиратындағы Акбар есімді экскурсия жетекшісі Жалаңтөсті Самарқандағы Әмір Темірден кейінгі ұлы тұлға екенін айтады. Махдуми Аъзамның зиратын да қайта қалпына келтірген Жалаңтөс болған екен. Ол Нұратадан (Әйтеке би жерленген жер) арнайы тас алдырып, пірлердің қабірін аяқ баспайтын деңгейге көтерген.
– Баһадүр билеген кезеңде Самарқан – Орта Азиядағы ең қауіпсіз қала болды. Оның абыройы парсыларды жеңгеннен кейін одан әрі асқақтады. Жалаңтөс баһадүр халықтың ықыласына бөленіп, қаланың өркендеуіне атсалысты, – деді Акбар informburo.kz тілшісіне.
Жалаңтөс Самарқанның негізгі туристік нысаны Регистан ансамблін салдыртқан

Регистан – Самарқанның басты тарихи нысаны. Ресми деректерге сүйенсек, Самарқанға келетін туристердің 92 пайызы міндетті түрде Регистанды аралайды екен. Біз де Жалаңтөс баһадүр салдырған медреселерде болдық. Кіру билеті Өзбекстан азаматтары үшін 2000 сум (88 теңге), ал шетелдіктерге – 30 000 сум (1327 теңге).

Үш медресенің негізгі ғимараттары бір-біріне қараған тұстағы орталық алаңның бүгінгі кейпі Жалаңтөс баһадүр бұйрығымен қалыптасқанын біреу білсе, біреу білмес.

Тарихи деректерге сүйенсек, үш медресенің екеуі Жалаңтөс бұйрығымен салынады. Оның бірі Тиллә Қари болса, екіншісі – Шердор. Экскурсия жетекшісінің айтуынша, Шердор медресесіне Жалаңтөстің аты берілуі тиіс болған. Десе де, әртүрлі себептермен қойылмапты.

Кейбір тарихшылар қазақ руынан шыққаны үшін Жалаңтөс есімі берілмегенін айтса, өзгелердің зерттеуінше, оның халыққа танымал өзге аты қойылған-мыс.

Тарихи деректерде Жалаңтөс баһадүрдің «Шері Қыпшақ» (Қыпшақ сарбазы) және «Асад шері» («асад» сөзі араб тілінен аударғанда «арыстан» деген ұғымды білдіреді) деген бүркеме аттары болған. Сол себепті де Шердор медресесінің сыртында арыстан бейнесі бейнеленген-мыс.

«… Себебі ол – қазақ»

Сапар барысында Науаи облысы, Нұрата қаласындағы Әйтеке би зиратына кіруді де жоспарладық. Қазақтың үш негізгі биінің біріне құран бағыштап, оның қабірін қайта қалыпқа келтіруге атсалысқан белсенді қандастарымыздың бірімен сұқбаттастық.
– Жалаңтөс баһадүр туралы Қазақстандағы қазақтар көп мәліметке ие емес. Мектеп оқушылары оның есімін Орбұлақ шайқасы туралы оқығанда ғана бір рет естиді. Ал, шын мәнінде, оның атқарған еңбегі ұланғайыр. Жалаңтөстің қазақ екенін өзбектер әлі күнге дейін мойындамай отыр. Генерал Сабыр Рахимовке қатысты қателікті қайталамау үшін оның атын көшеге беріп, оған ескерткіш қойғылары жоқ. Себебі ол – қазақ, – дейді ол (есімін жарияламауды сұрады).

Әйтеке би Жалаңтөс баһадүрдің әкесі Сейітқұл әулиенің қасында жерленген / Фото іnformburo.kz
– Жалаңтөстың арқасында Самарқанның тарихи бөлігі бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Оның саяси шеберлігі болмағанда, Самарқан парсы немесе ауғандардың шабуылынан күлі көкке ұшар еді, – дейді Өзбекстандағы қазақ диаспорасының өкілі.
Өзі Төртқара руынан шыққан белсенді қандасымыздың айтуынша, Әйтеке бидің ескерткішін қайта қалпына келтіруге де өзбек билігінің бюрократиялық қағазбастылық жасап, кедергі жасауға тырысқан. Ал Жалаңтөске ескерткіш орнатуға тіптен келісе қоймайтыны анық.
Қазақ емес, мәуераннахрлық
Жалаңтөс баһадүр туралы Самарқан қаласының тарихи еңбектерінде не жазылғанын анықтау үшін біз қаланың көне аймағы Афрасиабта орналасқан орталық музейге бардық. Қала тарихынан сыр шертетін жәдігерлер мен деректерге толы музей мамандарынан сұрақтарымызға жауап алғандай болдық.
«Афрасиаб» Самарқан музейінің зерттеушісі Бинафша Мирзаханова да Жалаңтөстің еңбегі жайлы тоқтаусыз дерек айта беруден жалықпаймын дейді. Десе де, бізді бір ғана сұрақ қызықтырды. «Оның қазақ руынан екендігі өзбек деректерінде жазылған ба?»
– Жалаңтөс өзбек хандығының территориясында дүниеге келді. Өзбек хандарына қызмет етті. Ол қазақ болғанда Ташкент (XVII ғасырда Қазақ хандығына қарасты болды – ред.) пен Түркістанға үш рет жорық жасамас еді. Төртқара руының өкілдері өзбек ұлтының құрамында да болған. Сондықтан ол қазақ емес, мәуераннахрлық десек адаспаймыз, – деді зерттеуші informburo.kz тілшісіне.
Дағбеттегі Жалаңтөс баһадүрдің бейіті / Фото іnformburo.kz
Өзбектер тек қазақты мойындамай жүрген жоқ
Өзбек билігі ұлтының рухани жаңғыруын тарихи тұлғаларды өзбектендіруден бастаған. Олар бүгінге дейін Мәуераннахр территориясында туып, билік құрған немесе білім алып, сол өңірде ғылыми зерттеумен айналысқан Әбу Насыр әл-Фарабиді, Алпамыс батырды, Әбу Али ибн Сина мен Исмайыл Саманиді, Сабыр Рахимовты өзбек ұлтына қаратып үлгерді.
Осыдан бірер жыл бұрын Қазақ билігінің Сабыр Рахимовтың қазақ екенін дәлелдеуі генералдың Ташкенттегі ескерткіші мен есімінің метро бекетінен және аудан атауынан алып тасталуына жеткізді. Ал Бұхара мен Хорезм қалаларының «Орта ғасырдың Оксфорды мен Кембриджі» болғаны үшін ұлы ғұлама ғалымдар білімін арттыруға Мәуераннахрға асыққан. Әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби Отырарда туса да, кейінгі ғұмырын аталған қалаларда зерттеу жүргізумен өткізуі оның «өзбек» болғанын дәйектемейді. Десе де, өзбек тарихшылары бұл пікірмен келіспейді.

Тәжік ұлтының тарихи тұлғасы Исмайыл Саманидің Бұхарадағы мавзолейі / Фото іnformburo.kz
Тәжіктер де әлемнің үшінші ұстазы ибн Синаны өз ұлтынан деп дәлелдеуге тырысып жүр. Ал тәжік ұлтының Абылайы болған Исмайыл Самани парсы текті болса да, өзбектің бабасына айналып кеткен. Себебі тәжік қолбасшысының зираты Бұхара қаласында.

Ескерткіш қоюға не кедергі?

Сапардан қайтарда Ташкент қаласындағы Төле би бабамыздың жерленген жеріне тоқтап, құран бағыштамақ болдық. Осы орайда Ташкенттегі қазақтардың басым бөлігі шоғырланған Бостандық ауданына да ат басын бұрдық. Аталған аудандағы Қараманас ауылының белсендісі Балтабай қандасымыздың пікірін білдік.
– Науаи облысынан шыққан қазақ тарихшысы болды. Өзбекстандағы қазақ диаспорасының белсенді өкілдерінің жиынында Жалаңтөс баһадүрге ескерткіш орнату мәселесін жиі көтеретін. Әйтеке бидің қабірін қайта қалпына келтіріп алу үшін оған назар аудара алмадық. Сосын Жалаңтөсті қазақ дей отыра, Самарқанның ортасынан ескерткіш орнатуға өзбек билігі рұқсат бере қою да екіталай. Десе де, Сабыр Рахимовтың ескерткішін қайтаруға қол жеткізіп отырмыз, – дейді ол.

Генерал Сабыр Рахимовтың ескерткіші өз орнына қайта қойылды / Фото іnformburo.kz

Қазақ диаспорасы өкілінің айтуынша, Жалаңтөс баһадүрді қазақ деп ресми тани қоймаса да, оған ескерткіш орнату мүмкіндігі бар. Ол үшін бұл мәселеге Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі де атсалысуы тиіс. Өкінішке қарай, қазақ диаспорасының белсенділері осы ұсыныс бойынша Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігіне бірнеше рет ресми хат жолдапты. Жыл сайынғы жиындарда да айтылған екен. Бірақ Қазақстан тарапынан әзірге еш әрекет жоқ.

Қазақ тарихшысы не дейді?

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбековтың айтуынша, самарқан сөзі «Қандардың (Қаңлылардың) иелігінің шетіндегі қала» деген ұғымды береді. Қазіргі Ресей территориясындағы Самара қаласы атауының шығу төркіні де көне түркі тілімен байланысты. Профессор «самар» сөзінің «шалғайдағы қала, орталық» деген ұғымды беретінін айтады.
– Сырдарияның бойындағы қалалар мен жалпы оңтүстіктегі өңір үшін Есім ханнан кейінгі қазақ хандары күрес жүргізді. Оған мұндағы қалалардың Ұлы Жібек жолы тармағында жатқаны емес, бұл аймақтардың ертеректен қазақ руларының мекендеп келе жатқаны себепші болған еді, – дейді ҚазҰУ профессоры informburo.kz тілшісіне.
Талас Омарбековтің айтуынша, Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүрдің ынтымағы ата-бабаларының этникалық тамырларының бір жерден болғандығынан жақсы болған.
– Жалаңтөс баһадүр шыққан Төртқара руы Түркештер қағанатымен байланысты. Түркештер дегеніміз ертеректегі үйсін тайпалары. Үйсіндер сынды түркештер де «сары» және «қара» болып екіге бөлінді. Билікте сары түркештер болғандықтан, қара түркештер Мәуераннахрға ығыстырылған болатын. Олардың таңбаларының қазіргі Әлімұлы ішіндегі Төртқарамен ұқсастығы осыны дәлелдейді, – дейді тарихшы.
Талас Омарбеков Есім ханның қолбасшыларының арасында Әлім деген тұлғаның болмағанын айтады. Профессордың ойынша, Әлім деген кісі кейіннен арасында Төртқара бар 6 руды біріктіріп, тайпалық одақ құрады. Сол себепті де кіші жүздегі бұл одақ Әлімұлы аталып кетеді.
Жолдас Өрісбай

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз