ӨРКЕНИЕТ КӨШІНДЕГІ ҰЛЫ ДАЛА ТАРИХЫ

55
біздің мәдениетімізді, жетістіктерімізді жоққа шығарғысы келетін тұжырымдарға соққы береді
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы стратегиялық сипатқа ие  және тарихи сананың іргетасын қалыптастырып, мемлекетшілдік сана орнықтауға негізделген. Ал тарихи сананың тұғыры қашан да ұлттық болмыстан бастау алары заңдылық. Елбасы жалпы еуроцентристік  көзқарас негізсіз екенін айтады. Қалыптасып, таптаурын болған барлық құндылықтар Еуропадан шыққан деген тұжырымды  сынға алып, обьективті көзқарас ұстануды меңзейді. Көшпенділердің тарих сахнасындағы орнына жаңаша қарап, біздің мәдениетімізді, жетістіктерімізді  жоққа шығарғысы келетін тұжырымдарға соққы береді. Ол көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдауға шақырады.
Тарих – бір күнде зерттеліп, бағасы берілетін шаруа емес. Тарихты заттай деректер мен жазба құжаттардың көме­гінсіз зерттеп әділ бағасын беру мүмкін емес екені белгілі. Сондықтан тарихшылар жан-жақты көп ізденіп, ежелгі дәуірден сақталған тарихи деректерді мұқият зерттей отырып, адамзат баласы­ның өткен тарихи жолын жазуға ұмтылады. Бұл ретте тәуелсіз елдің тарихшыларының көтерер жүгі барынша салмақты.
«Біз басқа халықтардың рөлін төмен­детіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» дей келе, негізінен, біздің әлемдік өркениетке қосқан үлесімізді, жаһандық даму үрдісіне тигізген айтарлықтай септігімізді қайтадан зерде­леп, әлемге жаңаша заманауи түрде дәріп­теуге үндейді. Адамдардың өткен өміріне қатысты түрлі мәліметтерді «тарихи дерек­тер» деп атап, ол ауызша, жазбаша, архео­логиялық, этнографиялық және антропо­логиялық деп әр түрге бөлінетіні белгілі. Сондықтан да олардың  қоғамдық сананы қалыптастыру­дағы алар орны ерекше.
Мақала кіріспеден, екі ірі тараудан, әр бөлімі ақыл-ойға қонымды берілген на­ным­ды идеялар мен нақты орындалатын тапсырмалардан тұрады. Мақалада алты ірі жаңа жобаны ұсынып отыр. Олар қазақ тарихын зерттеуге және Қазақстан мәдени мұраларын  насихаттауға бағытталған. Шын мәнінде біздің Ұлы даламыздың ғалам мәдениеті мен өркениетінде өзіндік ойып алар орны бар екені рас. Оған ешкімнің таласы болмауы тиіс. Тек соны нақтылап, дәлелді дәйектер арқылы шегелеу үшін алдымен оның мәні мен маңызын өзіміз жете түсініп, түйсінуіміз керек.
Бұл бастама «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының жалғасы ретінде қаралады. Шындығында ең негізгі мақсатқа жету үшін санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналары сөзсіз. Рухани жаңғырудың негізгі сипаты – өткен мен болашақты үй­лестіре отырып жүзеге асыру болса, бәсе­ке­ге қабілеттілікті арттыруға тікелей ықпал ететін «Цифрлы Қазақстан», «Латын әліп­биіне көшу», «Үш тілде білім беру», «Мә­дени және конфессияаралық келісім» атты бағдарламалар бүгінгі таңда елімізде кеңінен жұмыс жасауда. Бәсекеге қабілетті болу үшін қазақстандықтарға тарихи сана­ны қалыптастыру арқылы білім шыңын бағындыру – ең басты алғы-шарт.
«Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасы­ның цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамта­масыз етеді және оны жаңғыртуға мүм­кіндік береді. «Төл тарихын білетін, баға­лайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы», – деді Елбасы.
Мәселен, Елбасы мақаласындағы кел­тірілген, жылқының қолға үйретілуінің өзі әлемдік дамуға орасан зор әсер етті. Оның бүгінгі киім үлгісінің қалыптасуынан бастап, жаһандық құрылымға ықпал еткен ірі, алпауыт империялардың құрылуына дейін септігін тигізуі, расымен, ауыз толтырып айтарлықтай үлкен оқиға. Ал енді сол тарихи оқиғаның алтын бас­тауында қазақ сахарасының тұруы – біз үшін зор мақтаныш.
Жылқының қазақ даласында қолға үйретілгенін ескерсек, металл өндірісінің де бізден басталуын заңды құбылыс деп қабылдаймыз. Себебі, жылқы әбзелдерінің ішіндегі өркениеттің өрісін кеңейткен үзеңгі, ауыздық, таға сияқты бұйымдар металдан жасалады. Ортағасырлық кезең­нің маман тарихшы американдық Линн Таунсенд Уайт  «Үзеңгіні жасау адамзат тарихында ұшақ, автомобильді жасаумен тең революция жасады» деп бағалаған. Осының өзі біздің ата-бабаларымыздың темірден түйін түйген шебер екенінің айқын дәлелі.
Біз алтынды өндіріп қана қоймай, оны тұрмыстың барлық саласында кеңінен қолданып, күнделікті өмірімізбен біте қайнастыра білген халықпыз. Ол үшін Есік қорғанынан табылған «Алтын адамды» айтсақ та жеткілікті. Есік Алтын адамы қазақ ұлтының арғы сақ, үйсін мәдениет­терінің шынайы мұрагері әрі олардың этникалық жалғасы екендігін растай түседі. Ал Алтай мен Атыраудың арасын жал­ғайтын кең жазира даламызда мұндай жәдігерлердің бірнешеуі табылғаны хатқа түсіп, тасқа басылған тарихи шындық.
Ұлы дала – адамзат және адамзат мә­дениеті бесігінің бірі. Оның арғы заманғы қожасы сақтар көне тас дәуірінен жаңа тас дәуіріне дейінгі мәдениеттерден Ано мәдениеті, Роразим мәдениеті, Афанасев мәдениеті, Андронов мәдениеті, Қарасүк мәдениеті, Тагар мәдениеті, Пазырық мәдениеті сияқты мәдениеттерді бастан кешірген. Олардың мәдениеті батыс Азиядағы Қосөзен алабы мәдениеттерімен және Жерорта теңізі жағалауларындағы Египет, Грек, Рим мәдениеттерімен, оңтүстік Азиядағы Үнді өзені алабындағы мәдениеттермен, сондай-ақ, шығыстағы Қытайдың батыс терістігіндегі Шилан­таудың тармағы Қаратау өңіріне қатысты Дахата мәдениеті, Жинша мәдениеті, Шанма ат, яғни ақталған жылқы, Сыба мәдениеті, одан да шығысқа беттеген Чижия мәдениетімен, тіпті Орта жазыққа бойлап, Сарөзен алабына алғаш мәдениет ұшқынын жаққан Яңшау мәдениеті сияқты мәдениеттермен де байланысты.
Еуразияның кіндігінде орналасқан Ұлы даламыз – Шығыс пен Батыстың арасын­дағы қақпа, өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан алтын көпір. Әлемдік сауда жүйесінің дамуына, бүгінгі транзиттік «дәліздердің» пайда болуына тікелей ықпал еткен Ұлы Жібек жолының біздің жері­мізден өтуі Қазақстан туралы осындай анықтама жасауға мүмкіндік береді.
Бүгінде жер-жаһанның ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстан әлемдік өркениетке не берді  деген сауалға ауыз толтырып айта­тын жауап осындай. Яғни қазақ даласы – адамзат өрлеуінің қайнар көзі. Демек, біз тарихымызды қайғы-қасіретпен, жаугер­шілік заманмен және үрейлі жылдармен ғана емес, бүгін өзіміз бір бөлшегі болып отырған әлемнің қалыптасуына, ғылым мен білімнің дамуына, өркениеттің өріс алуына сүбелі үлес қосқан халық екенімізбен байланыстыруымыз қажет.
Қазақ тарихын зерттеудегі баға жетпес құнды мұралардың біріне түрлі мұрағат қорларында сақталған жазба деректерді жатқызамыз. «Мұрағат дегеніміз – ескірген құжаттарды, яғни жазба деректерді сақтайтын мекеме» екеніне толық көз жеткіземіз. Тарихи мәселелерді зерттеуде мұрағат қорларындағы тың деректерге негізделген әрбір шығарманың құны да жоғары, ақиқатының да шынайы айты­латынын білуіміз керек. Мемлекет бас­шысы осы бағыттағы басымдықтарды айқындап, мақалада «Архив–2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер мен технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» сияқты нақты жобаларды жүзеге асыру керектігін атап өткен.
Бұлардың әрқайсысы біздің тарихы­мыздың көз көріп, қол тимеген жаңа парақтарын ашуға мол мүмкіндік береді. Себебі, тек Ресей мен Қытай архивтерінің өзінде Ұлы дала тарихына қатысты мың­даған жылдардың жылнамасы сақ­таулы екенін бәріміз білеміз.
Ғибратты ғұмырын дәріптеп қана қоймай, айдай әлемге жар салып, мақтан тұтарлық тұлғаларымыз да жетерлік. Аспан астын билеген Күлтегіннен бастап, адам­заттың екінші ұстазы болған әл-Фараби, тұтас түркі әлемінің ғұламасы – Яссауи, Мысырға әмірін жүргізіп, әлемдік қақты­ғысқа тосқауыл болған Бейбарыс сұлтан сияқты ұлы есімдерімізді ұлықтау жаһан­ның бізді тағы бір қырымыздан тануына жол ашады. Сонымен бірге, мұндай тың бастамалардың түркі әлемін одан әрі біріктіре түсетін тиімді тетік екенін де атап өткен жөн.
Ең бастысы, біз, Ұлы далада өмір сүріп отырған бүгінгі халық, өзіміздің адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан өр тұлға­лардың ұрпағы екенімізді  және мәңгілік дамуға тың серпін берген мәдениеттің мұрагері екенімізді сезіне білуіміз керек.
Мақаланы «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының заңды жалғасы ғана емес, оны жүзеге асырудың жол картасы деп қабыл­дауға болады. «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саяба­ғын ашу, «Түркі өркениеті: түп тамы­ры­нан қазіргі заманға дейін» атты жобаны, «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарлама­сын жасау, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу, «Дала фольклорының антологиясын» жасау, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару керек деген нақты ұсыныс­тар мен қатар Тарих кино, телевизия тілімен сөйлеуі қажет, Архив деректері, Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс және бұл жұмыстар мемлекет есебінен атқарылатын «Академиялық туризмге» айналмауға тиіс деген сыни пікірлер бұл бағдарламалық мақаланың орны мен рөлін айқындап тұрғандай.
Сонымен қатар, кәсіби тарихшылар өз зерттеулерінде нумизматика және гераль­дика ғылымдарының деректерін де кеңінен пайдаланады. Оның ішінде нумизматика теңгелерді, яғни ақша тарихын зерттесе, геральдика түрлі елтаңбалар мен мөрлерді зерттейтін тарих ғылымының қосалқы салалары болып табылады. Осы деректер арқылы да біздің ата-бабаларымыздың Ұлы дала төсінде өшпес із қалдырғаны соның дәлелі.
Тарихты тану – тағылымды іс, әрі ұлттың мерейін тасытып, рухын көтереді. Ұлы даланың мақтан тұтарлық төл тарихы, мәдениеті мен өнегесі бар екені сөзсіз. Оны ұлықтау – ұлтты ұйыстыруға бастайды. Бұл орайда Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы басты бағдар болмақ. Жалпы, бұл мақаланы ата-бабамыздың өркениет тарихының іргета­сын қалағаны, нақты деректерге сүйене отырып эволюциялық көзқарас арқылы ұлт рухының айрықша салтанат құруына негіз болған ерекше оқиға деп қабылдауға болады.
Ж.СИМТИКОВ, қоғамтанушы.
Е.ӨТЕМІСОВ, дәрігер.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз