«Шымкент – адалдық алаңы» кеңсесінде баспасөз брифингі өтті

1508
«Шымкент – адалдық алаңы» кеңсесінің басшысы Ерасыл Төлебаев БАҚ өкілдерімен жүздесті. Ерасыл Əшірбайұлының айтуынша, бұл жоба Ұлт Көшбасшысының бастамасымен ашылған.
– Тәуке хан даңғылы, 3А мекенжайында орналасқан кеңседе қазір 11 маман қызмет етеді. «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мақсаты — сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу. Азаматтар құжаттарын рəсімдеу барысында немесе күнделікті тұрмысқа қажетті мəселелерді шешу барысында заңсыздық көрмеуі тиіс, — дейді кеңсе басшысы.
Жоба жетекшісі білім алу, денсаулығына байланысты тиісті ем алу, дəрігерге қаралу, əлеуметтік төлемдерге құжат тапсыру мен жылжымайтын мүлкін заңдастыру барысында түрлі қиындықтарға кездесіп, ақша беруге мəжбүр болған жағдайда қала тұрғындары «Шымкент – адалдық алаңы» кеңсесінің көмегіне жүгіне алатынын айтты. Үш айда бұл кеңсеге жоғарыда аталған сұрақтар бойынша 70-тен аса азамат арыз айтып келген.
— Үш ай көлемінде бірқатар нəтиже бар. Сәулет саласында 12 мемлекеттік қызмет цифрландырылды. Ал халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған шипажайлық-курорттық емделуге электронды кезек қызметін оңтайландыру және автоматтандыру ісін қолға алдық. Сондай-ақ, кеңсе «MEKTEPKE JARDEM» жəне SMART PARKING жобасын мемлекеттік мекемелердің қолдауымен жүзеге асыру бастамасына кірісті, – дейді Е.Төлебаев.
Брифингте жергілікті атқарушы органдардың жұмысына қазіргі заманғы басқару технологияларын енгізу тəжірибесі оң нəтиже бергені белгілі болды. Соған сəйкес 5 басқарма жұмысы «Оpen space» қағидаты бойынша жүргізіледі.
Дереккөз:ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ