Шымкентте Мұхтархан Ділдәбековтің жүлдесіне арналған халықаралық турнир өтті

399
Шымкентте Сидней Олимпиадасының және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Мұхтархан Ділдәбековтің жүлдесіне арналған бокстан жастар арасындағы VIII халықаралық турнир өтті. Турнир жеңімпаздары енді қарашада Моңғолияда өтетін Азия біріншілігінде ел намысын қорғайтын болады.
Орта Азия біріншілігінен кем түспеген турнир көрігін Грузия, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан мемлекеттерінен арнайы ат арылтып келген былғары қолғап шеберлері қыздырды. Қазақстан бокс құрама командасы мүшелерін қосқанда, 80-нен астам боксшы 10 салмақ дәрежесінде өзара мықтыларды анықтады.
Ақтық сында 49 келі салмақ дәрежесінде Мұхамедсабыр Базарбайұлы Бекзат Амангелдиновтан айласын асырса, 52 келіде Бейбарыс Пернебек Талғат Сырынбетовке жол берді. Ал, 56 келіде өнер көрсеткен Бейбарыс Жексен Асхат Тастанбектен басымдығын анық байқатты. 60 келі салмақ дәрежесіндегі тартысты кездесуде Айтжан Әшірхан өзбек боксшысы Рахматолла Тошпулатовтың жолын кесті. Алайда, 64 келіде шаршы алаңға шыққан Дархан Дүйсебай өзбекстандық Жавлонбек Йулдашовтан аса алмады. Дегенмен, оның көршіде кеткен есесін 75 келідегі Ерасыл Жакпеков қайтарды десек те болады. Ол Өзбекстан мықтысы Комилжан Юсуповты екінші раундта-ақ нокаутпен жеңіске жетті. 69 келіде Марғұлан Айдарұлы қарсыласы Мәди Алтынбековті алтыннан айырды. 81 келіге дейінгі жартылай ауыр салмақ Қуандық Мақсұт ұпай санымен жеңімпаз атанды. Алайда, Қазақстан құрама командасының мүшесіне төтеп берген Бақдәулет Құралдың жұдырықтасу тәсілі жұртты сүйсіндірді. Түркістан облысының атынан сынға түскен спортшының кәсіби боксшыдай соққы алған сайын күшейіп, қарсыласын ауыр соққыларымен кері шегінуге мәжбүр еткен қайсарлығы жанкүйерлерді тәнті етті. 91 келіде Сағындық Тоғамбай Нұрмағамед Юсуповты жеңді. Ал аса ауыр (91+) салмақта Аманат Сабырғали Георгий Акушевтің жеңімпаз атануына мүмкіндік бермеді.
– Бұған дейін бұл турнир жасөспірімдер, кадеттер арасында өткізілген. Енді жастар арасында ұйымдастырылып, жылдан жылға жарыстың мәртебесі артып келеді. Оның айқын дәлелі ретінде мықты боксшылардың шаршы алаңда өнер көрсетуін айтуға болады. Алты елдің бірінші нөмірлі боксшылары сынға түсті. Осындай жоғары дәрежеде ұйымдастыруға еңбек сіңірген бокстан жастар арасында Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов жалғасын табатын турнирдің келесі жеңімпаздарына спорт шебері атағын беруді жоспарлап отырғанын жеткізді. Мұндай әрекеттің шетелдік спортшылардың да қызығушылықтарын арттырып, боксшыларымыздың деңгейін өсіретіні сөзсіз. Әзірге бұл турнир Моңғолияда өтетін Азия чемпионатына дайындық, – дейді Қазақстан Көкпар федерациясының президенті, даңқты боксшы Мұхтархан Ділдәбеков.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз