Шымкентте тұрғындар сотталған Ислам Әбішевтің қызының тұрғын үй салуына қарсы

321

Шымкентте саябақ салынады деген жерге тұрғын үй тұрғызылады. Аядай аулада бұрын бірқатар лауазымды қызмет атқарған Ислам Әбіштің қызы құрылыс бастамақшы. Алайда тұрғындар алты қабатты қымбат үйдің салынуына қарсы. Бұл туралы КТК хабарлайды. 

Құрылысы қыза бастаған аумаққа кезінде қала әкімдігі саябақ салып бермек болған. Бірақ демалыс орны кенеттен коммерциялық нысанға айналып кеткен.

Тұрғындардың ашуына тигені — көпқабаты үйдің артында жапсарлас жүргізіліп жатқан құрылыс. Он шақты күн бұрын күре жол мен үй арасындағы аядай ғана жер қоршалып, ауыр техника кіргізілген. Ал қоршаудың сыртына бұл жерде алты қабатты тұрғын үй болатыны жайлы құрылыс құжаты пайда болған.

Әуелде бұл жерде тұрғындарға арналған автотұрақ салынуы керек болған. Кейін шенеуніктер бұл жерге орындықтар қойып, саябақ салып бермек болыпты. Бірақ арада бірнеше жыл өткенде бұл аумақ қоршалып, құрылыс алаңына айналып кетті.

«Мәселен, біз терезеден қараймыз. Жолдың арғы бетіндегі үйде не істеп жатқаны көрінеді. Ал енді мына 15-20 метрдегі үй деген, ұят емес пе? Емін-еркін жүріп тұру, бала-шаға өсіп келе жатыр. Сонша тар жерге әкеп, мына жерді Қытай қылмақшы. Қытайға барғанда көргенбіз, бір жерді бір жердің үстіне жабыстырып салғанды. Ол жерде енді халық көп, жер жетіспейді», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Ғалымжан Құрманбекұлы.

Құрылыс жүргізіп жатқан — бір кездері облыс әкімнің орынбасары, Өскемен қаласының әкімі лауазымын атқарған, республикалық су ресурс комитетін басқарып, кейін сотталған Ислам Әбіштің қызына тиесілі екен. Тұрғындар кезінде жергілікті билік саябақ болады деген алақандай жердің құрылысқа берілгенін экс-шенеунік пен қазіргі басшылардың байланысынан болуы мүмкін деп топшылайды.

Тұрғындар дүрлігіп, техниканы тоқтатамыз деген соң, учаске басына шенеуніктер мен нысан басшылары да жетті.

«Құрылыс жүретіні туралы тұрғындарға ескертеміз деп ешкімді таба алмадық», — дейді Мадина Ислам.

Айтуынша, бұл аумақ өздерінің жекеменшігі екен. Бұған дейін құрылыс салуға құжаттардың түгел болмағандығы ғана себеп болыпты.

«Ендеше сөйлесейік, келісейік. Жер – біздікі, жекеменшікте. ГАСК-тен рұқсат бар. Бүкіл құжат, жоба – түгел. Егер үкімет мына жерді сатып алып, бізге басқа жерден жер беретін болса, онда ойланып көрейік», — дейді құрылыс компаниясының жетекшісі Мадина Ислам.

Экс-шенеуніктің қызы тұрғындармен келісу үшін балалар алаңшасын салуға демеу көрсетпек болған. Бірақ тұрғындар бірауыздан қарсы шықты. Енді тұрғындар құрылыс компаниясы мен оған үй салуға рұқсат берген жекеменшік компанияны тексеру туралы талаппен бүкіл құзырлы орындарға шағым түсірмекші.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың ақпанында Нұр-Сұлтан қалалық соты Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішев пен Қазақ Күресі федерациясының вице-президенті Серік Түкиевке қатысты үкім шығарды. Сот үкімімен Әбішев 5 жылға, Түкиевті 4 жылға бас бостандығынан айырылды.