Түркістан Түймебаевқа жақсы сылтау болды

403
Облыстың екіге бөлініп, облыс орталығының Түркістанға көшуі Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВҚА жақсы сылтау болғандай…
Әйтеуір, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қазір осы өңірдегі кез-келген кемшілікті осы көшке жауып қоя салатынды шығарды. Бұған дейін де өткен үкімет отырыстарында Жансейіт Қансейітұлы қаржы игермеудің себебін осы екіге бөлінуге сілтеп, көшіп-қонудан әлі естерін жинай алмай жатқандарын айтқан болатын.
Енді міне, 11 айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы тағы да кемшіліктерден көз ашпай тұр.
11 айда өңірлерде 28 млрд. теңге игерілмеді. Игерілмеудің ең ірі сомалары келесі өңірлерде қалыптасты: Астана қаласы – 9 млрд. теңге, Түркістан – 4 млрд. теңге, Қызылорда — 3 млрд. теңге, Шымкент қаласы және Маңғыстау, Павлодар облыстарында 2 млрд. теңгеден. Бұл қаражаттар орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және жеткізілетін таурлардың бекітілген кестеден кеш қалуы себебінен игерілмеді.
Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ 2018 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық даму қортындысы бойынша жасаған баяндамасында кейбір өңірлерде жағдай тұрақсыз болып тұрғанын айтты.
Нақтырақ айтсақ, өнеркәсіпте артта қалған өңірлер қатарында Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облысы бар.
Яғни, өнеркәсіптің елеулі төмендеуі Түркістанда 3,7%-ға жеткен.
Ал, ауылшаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман ЕВНИЕВ сусындар өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,7%-ға төмендегенін айтады. Өндірістің төмендеуі Түркістан облысында 15,3%-ды құраған.
Премьер-министр Бақытжан САҒЫНТАЕВ Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтан 4 миллиард теңгенің неге игере алмағанын сұрап еді, облыс әкімі әдеттегі сылтауын айта салды:
— Жылдың соңына дейін игереміз деп отырмыз. Жалпы жоспарымыз 99,6 пайызға жетеміз. Биылғы бөлінуге (облыстың екіге бөлінгенін айтып отыр – автор) байланысты, кейбір процедуралық шараларға байланысты енді аяқтап жатырмыз…
Оралхан Дәуіт