Қазығұртта күз айының соңғы күндері мамыражай өтуде. Түні салқын болғанымен, күндіз жанға жайлы жылылығымен жұрттың есінде қалды.
Күз айы – жиын-терім, қыраулы қысқа дайындалу мен қамдану айы. Сондықтан, бірлікті серік еткен ауыл адамдары күнделікті тірлігінен жаңылыспады.
Ал, бұл күні ауданға іргелі де, тағылымды білім ордасы – №11 колледж ұжымы оқу орнының құрылғанына 60 жыл толу мерекесін тойлауға кірісіп те кеткен еді.
Таңертеңнен колледж ұжымы мерекеге шақырылған қадірлі қонақтарды күтіп алып, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен таныстыруда. Оқу орнының тыныс-тіршілігінен сыр шертетін көрме де көпшілікті өзіне тарта түскендей. Колледж студенттері ырғақты музыканың әуенімен «60 жыл» деген флешмоб жасап, мерекеге қатысушылардың назарын өзіне аударған. Ұлттық киім киген биші қыздардың да өнері де мерекеге қатысушыларға көтеріңкі көңіл сыйлағандай әсер етеді.Мерейтойдың бағдарламасына сәйкес Социалистік Еңбек Ері, ауданның «Құрметті азаматы» Төле Ағабеков атындағы кабинет салтанатты түрде ашылды. Бүгінде сексеннің сеңгіріне келсе де, әлі өзін тік, сергек ұстайтын Төле ағамыздың өмір жолы кеңінен түсіндірілді. Кең де жарық кабинетке Төле ағамыздың еңбек жолынан естелік ретінде әр кезеңдегі суреттері, комбайншы болғандықтан ол кісінің жұмыс киімдері, түрлі марапаттаулары, құжаттарының көшірмелері айшықты етіп, тиісті сөрелерге көрнекі етіп орналастырылған.Төле Ағабеков 1944-жылы қазан айының 10 жұлдызы күні Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылы, Ақпарақ елдімекенінде дүниеге келген. 1952-жылы «Ақпарақ» бастауыш мектебіне оқуға барып, 1956-жылы бастауыш сыныпты тәмамдаған. 1956-жылдан Тұрбат ауылындағы «Қазанның ХХХ жылдығы» жалпы орта мектебінде оқып, 1962-жылы бітіреді. 1962-жылы Тұрбат ауылындағы «СПТУ-9» училищесінде механизатор-комбайнер мамандығы бойынша білім алып, 1963-жылы бітіріп шығады. Ә.Науайы атындағы колхозда механизатор болып, еңбек жолын бастайды. Білікті, озат комбайнер ретінде Т.Ағабеков бір рет КСРО Жоғары Кеңесіне, екі рет Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне, бірнеше рет облыстық, аудандық кеңеске депутат болып сайланады.
Т.Ағабековтың ерен еңбегі ескеріліп, 1972-жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 1976-жылы «Ленин» орденімен, 1981-жылы Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, «Алтын Жұлдыз» медалімен және екінші рет «Ленин» орденімен марапатталады.
Т.Ағабеков 2005-жылдан зейнеткерлікке шыққан. Соған қарамастан, бүгінде Тұрбат ауылы ардагерлер алқасының төрағасы. Әлі де Төле ағамыз қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, жастар тәрбиесінде белсенділік танытып жүр.
Төле Ағабеков атындағы кабинеттің лентасын қию рәсімі осы колледжді 26 жыл үзіліссіз басқарған, ұлағатты басшы Орал Мұсақұлов пен облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Рахия Асанованың еншісіне тиді. Кабинеттің ашылу салтанатына Төле Ағабеков ағамыздың өзі қатысып, еңбек жолы жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.
Арнайы түзілген іс-шараға сәйкес «Кәсіптік білім: Кеше. Бүгін. Ертең» тақырыбында облыстық ғылыми конференция өз жұмысын бастап, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Р.Асанова облыстық білім басқармасы басшысы И.Сағындықовтың құттықтау хатын оқып берді. Одан соң облыс көлемінде жас мамандарды даярлаудағы мемлекеттің алға қойып отырған міндеттері, оларға жасалған жағдайлар мен талаптар жөнінде толыққанды әңгімелесе, №11 колледж директоры Е.Сасбұқа «Киелі шаңырақ: Кеше. Бүгін. Ертең» тақырыбындағы баяндамасында колледждің өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жөнінде нақты деректерге сүйене отырып, көп мағлұматтардан хабардар етті.Білім ордасының мерейтойына орай жүрекжарды тілегін білдіргендер қатарында облыстық білім басқармасы кәсіподағы комитетінің төрағасы Н.Байғұтов, ардагер ұстаз, зейнеткер О.Мұсақұлов, Б.Омарбеков көкейде жүрген ойларымен бөлісіп, колледж ұжымына алдағы кезде еңбектеріне сәттіліктер тіледі.
Ғылыми конференция соңы колледждің тыныс-тіршілігінен хабардар ететін бейне ролик мерекеге қатысушылардың назарына ұсынылды.
Колледж өнерпаздарының дайындаған мерекелік ән-билері де көпшіліктің көңілінен шықты.
Іс-шара соңы Шарапхана ауылындағы «Ұлы шаңырақ» мейрамханасында одан әрі жалғасты.
Киелі ауданның орталығында қоныс тепкен іргелі №11 колледж ұжымы өздерінің 60 жылдық мерейлі мерекесін жоғары деңгейде атап өтті. Түзілген іс-шара, арнайы жасалған мерейтойға жұдырықтай жұмылып, үлкен жауапкершілікпен дайындалғанын көрсетеді. Ұстаздардың бір келкі киім формасын киінуі, 60 жылдыққа арнап, арнайы журнал шығаруы, әнші-бишілерге тақырыпқа сай бағдарлама түзуі, қазақтың ұлттық салт-дәстүріне лайық шашу-шашуы, тұлғалы азаматтарға кәде сый жасау, шапан жабу, күлімдеп жүріп қызмет көрсету, колледж ұжымының бірлігі мен ынтымағын көрсеткендей болды.
Ж.СҮЙЕУБЕКОВ,
Қазығұрт ауданы.