Күрек ұстайтын «қол» табылмай тұр
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Афалина» HR агенттігінің қызметкерлері жұмыс іздеушілердің басым бөлігі экономикалық салаларға сұрау салатынын айтады. Заңгерлер де жұмыс таба алмай жүргендердің көш басында. Керісінше құрылыс, өндіріс салаларына маман тапшы. Осыған байланысты биыл ең көп грант құрылыс саласындағы мамандықтарға (2 500 грант), электротехника және энергетика мамандықтарына (1 800 грант), тау-кен өндірісі саласына (1 702 грант) тағайындалыпты.
Сарапшылардың пікірінше, елімізде маркетолог, web дизайнер, химик, ақпараттық технология, өнеркәсіп саласының мамандары жетіспейді. Ал астроном, астрофизик, механик, геодезист картограф сияқты басқа да мамандарға аса зәруміз. Бұл мамандықтарды таңдаушылар жоқтың қасы, қажеттілік те жыл санап артып келеді.
Ал ақпараттық технология саласына оқуға түсушілер саны көп, бірақ сапа жағы ақсап тұр. Қаншама грант, қыруар қаржы қарастырылғанымен, бұл саланы оқыту әлі жүйеленбеген.
Мұнай-газ және энергетика салаларына ерекше назар аударып отырғанымызбен, оларды да жеткілікті дәрежеде игере алмай отырмыз. Мұнайға баймыз дейміз, бірақ оны сыртқа экспорттап тасудан әрі аса алмай келеміз. Соңғы кездері сұранысқа ие мамандардың қатарына дәрігерлер де қосылып отыр. Әсіресе, ауыл-аймақтарда дәрігерлер тіптен аз. Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы секілді салаларға да жас мамандардың аса қажет екені анық. Сарапшылар енді он жылдан кейін мал шаруашылығы мен аграрлық саланың тізгінін ұстар маман таппай қалуымыз мүмкін екенін айтады.
Жас мамандардың ауылға барып жұмыс істеуіне мемлекет тарапынан да барынша қолдау көрсетіліп отыр. Оқу бітірген жас маман мемлекеттік бағдарламалар арқылы тәжірибе жолын ауылдан бастай алады. Бірақ ауылдық квота арқылы оқуға түскен талапкерлердің өзі оқу бітіріп, дипломын қолына алғаннан кейін ауылдан ат тонын ала қашады.
Бізде екінің бірі – қаржы, кеден, салық салаларының маманы болғысы келетіндер. Олардың көптігі сонша – бір грантқа отыз талапкерден таласып жүр. Грантқа түсе алмағандары ақылы түрде оқиды. Олар да диплом алғаннан кейін мамандық бойынша жұмыс істемейді, экономистер – жүргізуші, ал заңгерлердің пицца жеткізу қызметінде жүргенін талай көрдік.
Жастар неге мамандық бойынша жұмыс істемейді, олардың өзіне қатысы жоқ мамандыққа бейім болуы, жаппай кәсіп ашып кетуіне не себеп?
Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен
Жеткізу қызметі демекші, курьерлік 2020 жылы сұранысқа ие қызметтердің көш басына шыққан. Пандемия талай кәсіпті қолданыстан тықсыруға шақ қалғанда, жеткізушілердің жұмыс қарқыны, керісінше күш алды. Курьерлер өздерінің кірістері айына 500 000 теңгеге дейін жеткенін айтады. Қарап тұрсақ, пандемияға дейін де жеткізу қызметінде жүргендердің көбісі жастар болатын
Университетті енді ғана аяқтаған жас мамандар бастапқыда жалақысының аз болатынын желеу етіп, мол пайда әкеледі-ау деген іске кетеді. Аз жұмыс – көп жалақы принципін басшылыққа алып, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді құп көреді. Әлеуметтік лифт ұғымы, қазіргіше айтқанда сәннен қалған. Бірден байып кеткісі келеді, не бастық болғысы келеді.
Жастардың кәсіпкерлікке бет бұруы, әрине еліміздегі бизнесті дамытуға зор үлес қосатыны сөзсіз. Жоғары оқу орындарында да кәсіпкерліктің бастапқы ұғымдарымен таныстыратын түрлі пәндер оқытылып жатыр. Десе де, бізде жалпы бір салаға басымдық берілсе, бәрі жаппай соған ұмтылып, қалғаны ақсап қалып жататыны рас.
«Шын мәнінде, бізде алған мамандығына сәйкес еңбек нарығында жұмыс істемейтіндер көп. Оның бірнеше себебі бар: біріншіден, басында мамандық таңдайтын кезде баланың өз қалауы ескерілмейтіні. Бала әке-шешенің, туған-туыстардың ықпалымен, солардың айтуымен білім алып, мамандық иесі болып шығады. Бірақ ол өзіне ұнамайды, не сол мамандық бойынша жұмыс табылмайды. Мысалы, бізде экономика және заң саласы бойынша мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары көп. Бірақ еңбек нарығында оларды түгел жұмыспен қамтитындай мүмкіндік жоқ. Нәтижесінде, сұраныс пен қажеттілік сай емес. Ол-ол ма, бізде қажетті мамандардың санын, сапасын бес-он жылда дәл анықтап айтып беретін маман жоқ. Тіпті, қоғамға керек маманның санын анықтайтын әдістеме де жоқ. Соның салдарынан мыңдаған қазақ жастары босқа сабылып, керексіз диплом үшін оқып немесе алғашқы игерген мамандығына сай жұмыс таба алмай, екінші мамандықты игеріп жүр.
Жастар ауылда еңбек етуден қашады. Оған қаладағы инфрақұрылым мен ауылдағы инфрақұрылымның сай еместігі себеп екені сөзсіз. Бос уақыт өткізу, өзін-өзі дамыту, қалыптасқан қарым-қатынастар жүйесі ауылда болмайды. Бір жағынан экономикалық-материалдық жағдай, екінші жағынан әлеуметтік-психологиялық жағдай ауылдан қашуға итермелейді. Сонымен қатар ауылда қарьера жасау мүмкіншілігінің болмауы, табыстың аздығы жастарды қалаға қарай ығыстырушы факторлар деуге болады», – дейді әлеуметтанушы, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Рамазан Салықжанов.
Жастардың ауылға бармауы ондағы халық санының азаюына, мамандар тапшылығына әкеліп отыр. Жалпы, осының барлығы әлеуметтік теңсіздікке, ауыл мен қала арасындағы теңсіздіктің одан әрі ушығуына әкелді. Дамыған елдерде ауыл мен қаланың айырмашылығы біліне бермейді, қалада – өндіріс орындары, зауыттар, ал ауылда – мал шаруашылығы, егіншілікпен айналысады. Басты айырмашылық сол ғана. Тұрмыстық жағдай тең.
Еңбексіз баю ұстанымымен қаржылық пирамиданың шырмауына арбалып, соған шүбәсіз сеніп жүрген жастардың қатары да өсіп барады. «Ата-анамыз университет бітіргеннен зейнетке шыққанға дейін еңбек етеді, бірақ соның жемісін көріп отырған жоқ, біз де сол соқпақпен жүргіміз келмейді», – дейді олар. Бірақ тегін ақшаны кім таратсын? Онымен қоса түрлі бизнес тренинг өткізушілер мен оқымаған психологтардың ақыл сатуы да күрт көбейді. Осы орайда Абайдың «Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда?» деген сөздері ойға оралады.
Сондай жастардың барлығының жоғары, кем дегенде кәсіптік немесе техникалық білімі бар. Себебі қазір мектеп бітірген соң оқу оқымай қалған дегенді естімейміз. Ата-ана баласын жұрттан қалмасын деп, қайтсе де оқытады, түлектер әйтеуір жоғары білімімді куәландыратын бір жапырақ қағазым болса болғаны деп оқуға түседі. Бір айта кететін нәрсе, ата-анамызға масыл болмаймыз деп ҰБТ-дан жиған балы жеткен мамандықтың грантын қанағат етуші жастар да жетерлік. Сосын студенттердің салғырттығына жоғары оқу орындары мен колледждердегі білімнің сапасыздығы қосылады.
Оқымай ма, оқыта алмай ма?
Дипломы бардың бәрі маман емес қазір. Жоғары оқу орындары жыл сайын қаншама түлекке үлкен өмір жолдамасын ұстатса да, олар қоғамнан өз орнын бірден тауып кете алмайды. Жұмыс тапса да қатардағы ортанқол қызметкердің бірі болып, айлықтан айлыққа деген ұстаныммен жүре береді. Сонда біздің білім алайық, ғылым игерейік деген ниетіміздің болмағаны ма, әлде білім беру сапасы расында төмен бе?
Еліміздегі жоғары оқу орындарының жемқорлыққа бейім екенін әрбір сегізінші студент куәландырды деген ақпарат бар. «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев «Таза сессия» акциясының екінші кезеңіндегі анонимді сауалнама қортындысын жариялаған болатын. Сауалнамаға 64 жекеменшік жоғары оқу орнында оқып жатқан 20 мыңнан астам студент қатысқан. Респонденттердің пікірінше, жемқорлық фактісі көбінесе емтихан және есеп тапсыру кезінде (23,8%), дипломдық жұмыс қорғау кезінде (8,7%) орын алады екен. Ал «ЖОО студенттері параны кімге көп береді?» деген сұрақ арқылы студенттердің 30 пайызы параны оқытушыларға беретіні, ал 4,4 пайызы ректорларды тікелей сатып алатыны анықталған. Жасотандықтардың дерегіне сүйенсек, Қазақстан бойынша сессияны жабу бағасы – 22 мың теңге, бір пәнді тапсыру 14 мың болса, курстық жұмыс 32 мың теңге тұрады екен. Бұдан бұрын ҰБТ-ны сатып алу да көп кездескені жасырын емес. Қысқасы, білімнің басты жауы жемқорлық болып тұр.
Қазір талпынысы жоғары жастардың көпшілігі шетелде оқуды мақсат етеді. Олар елімізде білім сапасы төмен екенін алға тартады. Солайша білімді жастар шетелге ағылып жатыр. Олардың елге қайтуы да екіталай.
Бірақ оқуға ынталы, жақсы оқыған жас мамандардың біразы жұмыс таба алмай жүргендерін айтады. Тағы бір айта кететін мәселе, еліміздегі жоғары оқу орындарында тәжірибеден гөрі құрғақ теорияға басымдылық беріледі. Солайша қанша үздік оқыған маман болсын, теорияны практика жүзінде іске асыруға келгенде шорқақтайды.
«Еліміздегі ұлттық университеттердің бірінде оқып, үздік дипломмен бітірдім. Бірақ мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым, қазір уақытша бала қараумен айналысып жүрмін. Түйіндемемді ұсынған жұмыс орындары тәжірибемнің жоғы себепті және бос орын болмағаннан жұмысқа алмады», – дейді биыл бітірген жас маман Шынар Асқарқызы.
Қарызға алған білім
Жастардың өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы үшін мемлекет тарапынан біраз шаралар қарастырылған. Бірақ, оқу бітіре сала жұмысқа орналаспағандар грант құнын мемлекетке қайтаруы керек деген заң жастарды одан әрі алаңдатады. Іс тіпті сотқа дейін жетеді. Қаржы орталығының мәліметінше, 2014 жылдың басынан бастап 2019 жылдың желтоқсанына дейін қаржы орталығы сотқа жалпы сомасы 7,7 млрд теңгеге 3 997 талап арыз жіберген. Арыз бойынша 3,9 млрд теңгеге 2 160 сот актісі шығарылған.
Жастарды жұмыспен қамту мақсатындағы жобалар жоқ емес, бірақ нәтижесі мардымсыз болып тұр. Мысалы, «Жастар тәжірибесі» жобасы жас мамандардың кәсібі бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында ұйымдастырылған. Алайда ұзақтығы 6 айдан аспайды. Айлық жалақы мөлшері республикалық немесе жергілікті бюджеттерден 25 айлық есептік көрсеткішке тең.
«Бағдарлама жастар үшін мүмкіндік деп ойлаймын. Біраз нәрсе үйретеді, тәжірибе жинайсың. Еңбек кітапшаңа еңбек өтілі ретінде жазылады. Бұл жоба, әсіресе карантин кезінде пайдалы болды. Бірақ бір кемшілігі – қазір кез келген жер шарт жасасып алады да, бітіріп келген жас маманды ресми жұмысқа алмайды. Себебі еңбекақыңды орналасқан мекемең емес, жұмыспен қамту орталығы төлейді», – дейді бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатқан жас маман Айнұр Ешнияз.
Сонымен қатар бос жұмыс орындар жәрмеңкесі де тұрақты түрде өткізіледі, бірақ ол жерден өз мамандығыңа сай жұмыс табу мүмкін бола бермейді.
Жапонияда жастарға такси жүргізушісі болуға тиым салынған екен. Себебі олардың тау қопарарлықтай жастық максимализмі мен жігері, ақылы, қажыр-қайраты мемлекетке, қоғамға пайдасы бар маңызды істерге жұмсалуы керек. Ал бізде керісінше. Диплом бар болса, жұмыс жоқ, жұмыс бар болса маман жоқ. Біреуінің білігі жетпейді, біреуінің білімі жетпейді. Тұйықталған шеңбер. «Я тілмаш я адвокат, болсам деген бәрінде ой». Әлі сол түсінік. Ал Илон Масктар адамзатты Марсқа көшіргелі жатыр…