ШЫМКЕНТ: «ШАПАҒАТ» ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ТАЛАНТТЫ ЖАН

817
Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Шапағат» оңалту орталығының қызметкері Гүлзира Молдашева – ауыр сырқаттан мүгедектікке душар болған жан. Алайда қиындыққа мойымай, өнер мен өмірге деген құштарлығы ерекше ІІ топ мүгедегі аталған орталықта мәдени бөлім ұйымдастырушысы болып жұмыс істейді. Мұнда қызмет алушылардың арасынан өнерге бейім кісілермен жеке жұмыс жасап, өнерлерін дамытуға көмектеседі. Жұмыс барысында қазақ және орыс тілдерінде түрлі бағдарлама, баяндама мен сабақтарға мәтін дайындайды. Тіпті ән шығарып, сөзін де жазады. Ал жарық көрген туындыларын өзі орындап, осындағы көрермендеріне ұсынады.
– Сүйікті ақындарым Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Төлеген Айбергенов пен Шекспирдің сонетерін жатқа оқып, шабыт аламын. В.А.Моцарт, Ф.Шопен, Л.Бетховен т.б. классикалық авторлардың шығармаларын сүйіп тыңдап, қазақ композиторлары Н.Тілендиев, Е.Хасанғалиев, Ш.Қалдаяқов, Т.Мұхамеджанов, С.Бәйтерековтің және орыс композиторлары Р.Паулс, А.Пахмутованың әндерін ұнатып, үнемі орындаймын, – дейді кейіпкеріміз.
«Шапағат» оңалту орталығының талантты қызметкері Қарағанды музыкалық училищесінде «Хор дирежері, музыка пәнінің мұғалімі, вокал мұғалімі» мамандықтары бойынша білім алған. Оқу орнын бітірген соң, Қарағанды қалалық мәдениет үйінде вокалдан сабақ беріп ұстаздық қызмет атқарған. Алайда ауыр науқасқа шалдығып, еңбек жолында үзіліс болады. Содан 2016 жылы денсаулығына байланысты жер ауыстыру мақсатымен Шымкент қаласына көшіп келеді. Осы жылдары жоғарғы білім ұяларының бірін «педагогика және психология» мамандығы бойынша бітірген.
Бүгінде Гүлзира Молдашева дені сау азаматтарға үлгі боларлық ғұмыр кешіп отыр. Орталықта қызмет алушыларды да шабыттандырып, өмірге деген көзқарастарын өзгертуге үлес қосуда.
Айта кетейік, қазіргі таңда мекемеде он сегіз жастан асқан І және ІІ топтағы мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Персоналдық штаттық құрылым бойынша кәсіби мамандар қызмет атқаруда. Медициналық қызмет көрсететін терапевт, невропатолог, психиатр, травматолог-ортопед дәрігерлер және жалпы тәжірибелік дәрігер мамандар бар.