ТАЛАПТЫ ЖАСТАР ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНАН КӨРІНІП КЕЛЕДІ

1035
Тәлімгер болу үлкен жауапкершілік. Осы салмақты міндетті арқалаған Шымкент қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің құрамы спорт сүйер жастарға жан-жақты қамқорлық көрсетіп келеді.
Естеріңізде болса, Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесіне орай полицейлер салауатты өмір салтын серік еткен жалынды жастарға спорттық киім үлгілерін сыйға тартып, игі іске ұйытқы болған еді. Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты №84 жалпы орта мектеп оқушыларына қуаныш сыйлаған шарадан соң талапты жастар бірнеше жарысқа қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп келеді.
Мәселен қайырымдылық мақсатында ұйымдастырылған «Кім жүйрік» сайысында 8 команданың арасынан бірінші орын иеленген оқушылардың қуанышты сәті ерекше әсерлі. Балаларды бір арнада біріктірген мақсат — үздік футболшы атану деген асқақ армандары. Жас ұрпақтың биік жетістіктерге ұмтылыстарына қанат бітірген, қолдау көрсеткен Шымкент қаласы Полиция департамерті үшін бұл үлкен мәртебе.
Ендеше аз уақыт ішінде өз қатарластарынан оза шауып, үздік атанған жас футбол командасына сәттілік тілеп, алдағы уақытта қала мен аймақ атын спорт додаларда тек биіктен көрсете беріңіздер демекпіз.