ШЫМКЕНТТЕ ЖАС ҚҰТҚАРУШЫЛАР ЖАРЫСТЫ

950
Үшінші мегаполисте жас құтқарушылар клубтарының сайысы өтті. №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өткен бәсеке ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған.
Қалалық ТЖ департаменті ұйымдастырған іс-шараға 8 мектептің оқушылары мен мұғалім — жаттықтырушылары қатысты. Сайысқа төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы Т.Үркімбаев басшылық жасады. Қала мектептерінен жиналған 8 команда өрт эстафетасы, жауынгерлік киім кию, алғашқы медициналық көмек, жауынгерлік қанат жаю және оқу мұнарасына шабуыл сатысымен шығу сияқты 5 сайыстан сынға түсті.
Жедел — құтқару жасағының құтқарушылары жазғы демалыс қарсаңында оқушылар арасында судағы қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге қазіргі өзекті болып отырған жазғы өрт қауіпті кезеңінде құрғақ шөптерді жандырмау, сіріңкемен ойнамау, шыны және пластик ыдыстарды тастамау сияқты қарапайым ережелерді еске салып өтті.
Жалпы командалық есепте І орынды Еңбекші аудандық №127 жалпы орта білім беретін мектеп командасы иеленсе, ІІ орынды осы аудандағы №99 мектеп — гимназиясының ұландары алды. Ал үздік үштікті Қаратау ауданындағы №113 орта мектеп командасы қорытындыланды. Жүлдегер командалар сыйлық және дипломдармен марапатталды.