ЖАС ҰРПАҚ ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛУІ КЕРЕК

1142

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев мемлекеттік жастар саясатын жүргізудің маңыздылығын, ол еліміздің болашағына тікелей қатысты екенін айтқан болатын. Мемлекеттің болашағы жарқын болуы үшін жастар саясаты мектеп қабырғасынан бастап жүргізіледі. Білім ұяларындағы жасөспірімдердің жағдайын жан-жақты жасау арқылы олардың қауіпсіз жағдайда, тәрбиелі де білімді, дені сау болып дұрыс қалыптасуын қамтамасыз етеміз.

Таяуда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында көшелерді жарықтандыру бойынша атқарылған жұмыстардың есебін тыңдағанда: «Көшелерді жарықтандыру қаламыздың түнгі көркін аша түсетіні сөзсіз. Көркінен бұрын халықтың көңіл күйі мен қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Әсіресе мектептер пен балабақшаларға баратын жолдардың жарық болуы шарт. Осыны естен шығармаңыздар. Жұмыстарды уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырамын және қадағалап отырамын – деген болатын. Яғни мегаполистегі жасөспірімдер мен балалардың жағдайы да әкімдіктің назарынан тыс қалмайды.

Сол сияқты жаз мезгілі бастала салысымен қала аумағындағы шомылатын өзен, су жағалауларында демалатындардың қарасы көбейді. Төтенше жағдай қызметі мен полиция қызметкерлері судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ескертулерін шомылу маусымы басталмай жатып жүргізуге кіріскен. Бұл түсіндіру, алдын алып қадағалау жұмыстары шомылу маусымы аяқталғанша жалғасатын болады.

Таяуда Шымкент ҚПД Әл-фараби АПБ ЖПҚБ ЮПБ қызметкерлері тұрғындарға «Судағы қауіпсіздік шаралары мен ережелері» туралы тағы да толық түсіндірді. Субұрқақта шомылуға болмайтынын айтып, электр қатеріне ұшырау қауіпі бар екенін ескертті. Жас балалардың суда жүзе алмауы, адамдардың судағы қауіпсіздік ережелерін орындамауы — орны толмас қайғы мен өкінішке айналатын кездер көп.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері осындай келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін суда балаларды қараусыз қалдырмауға, тек рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылуға кеңес беріп, ата-аналарға балаларын бақылаусыз қалдырмауды қатаң ескертті. Өйткені, мемлекеттің байлығы азаматтары болса, болашағы жас ұрпағы екенін ұмытуға болмайды.