Миллиард теңгелік морг: Аруақтарға фитнес-зал керек пе?

1041

Бізге жеткен дерекке қарағанда, биылғы жылдың мамыр айында Батыс Қазақстан облысында «өте қызық» тендер өтіпті. 1 млрд 230 млн теңгелік тендерді ұтып алған компания енді 11 айдың ішінде «супер-морг» салып беруге міндетті.

«Супер-морг» Орал қаласында салынбақ. Тендерді Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы жариялаған. «1 млрд теңгеден астам бюджет қаржысы жұмсалатын бұл қандай супер-морг?» дерсіз. Айтайық.

Жаңа моргтің құны салық төлеушілердің қалтасына 1 млрд 230 млн теңге салмақ салатынын жоғарыда айттық. Морг екі қабатты ғимараттан тұрады, аумағы – 3,5 мың шаршы метр. Нысанда 80 адам жұмыс істемек. Мәйіт союмен айналысатын паталогоанатомдар үшін психологиялық сауықтыру кабинеттері жабдықталады.

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі. Фото: ғаламтордан

Смета бойынша, сауықтыру кабинеттерінде музыкалық орталық, үй кинотеатры және жайлы диван болуы міндетті. Бұдан бөлек, тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш, кофе-машина болуы кәдік. Бұл аз десеңіз, «супер-моргтің» барлық құрал-жабдығы түгел фитнес-залы жұмыс істейді.

Құрылыс басқармасының басшылығы «фитнес-залды жобаға енгізбегенде, мемлекеттік сараптамадан өтпейтін еді» деген сыңайда пікір айтыпты.

Мәйіт союға ешкімнің барғысы келмейтіні, маман тапшылығы айтпаса да түсінікті. Алайда…

Өткен жылы күзде Алматыда құны 1,5 млрд теңгелік жаңа моргтың құрылысы аяқталды. Моргте 50 мәйітке арналған тоңазытқыштар қойылды. Спорт зал мен психологиялық сауықтыру кабинеті мұнда да жасалған.

Бірақ Алматы мен Оралдың үлкен айырмашылығы бар: Алматыда екі миллионнан астам адам тұрады, ал Оралда 233 мың 904 (2019 жылғы дерек бойынша) тұрғын бар. Уикипедиядағы дерекке сенсек, бүкіл Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының саны 600 мыңнан әзер асады.

Алматыға, бәлкім, халқының санына қарай «супер-морг» керек те шығар. Бұған коронавирустан көз жұмғандардың саны артуын қосыңыз. Ал енді Оралға миллиард теңгелік «супер-морг» не үшін керек?

Алматыдағы жаңа морг. Фото: almaty.tv

Тендер қалай өтті? Қанша компания қатысты? Кім ұтты? «Супер-моргтегі» фитнес-залға облыс әкімі жаттығу үшін бара ма?

Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің атына ресми сауал жолдадық.