Түркістанның «Алтын Орда» автобекетінен жүргелі тұрған Түркістан-Ташкент бағытындағы автобус пен оның жолаушылары. Түркістан, 10 желтоқсан 2018 жыл.
Түркістан мен Ташкент арасында қатынайтын халықаралық автобус жүре бастады. Бұл туралы Азаттыққа Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығы Түркістан қаласынан Өзбекстан астанасы Ташкентке автобус алғаш рет қатынап отыр. Жаңа бағыт екі ел арасындағы сауда-экономикалық және туристік қатынастарды нығайту мақсатында ашылды. Автобус бағытын қазақстандық «Бақдәулет Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен өзбекстандық «Узавтотранс» мекемесі жүргізеді.
«Бағыттың жалпы қашықтығы — 335 шақырым. Автобус жолда 6 сағат 40 минут жүреді. Екі бағытта күнделікті екі автобус қатынайды. Автобус бағыты жолаушыларды Түркістанның «Алтын Орда» автобекетінен Ташкент қаласының «Ташкент» автобекетіне жеткізеді. Жол ақысы Түркістаннан 2 мың теңге, Ташкенттен 50 мың сом. Автобус екі елдің шекара бекеттерінен кедергісіз өтеді» делінген хабарламада.
Қарашаның 15-і күні Шымкентте алғаш рет екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға бағытталған өңіраралық ынтымақтастық форумы өткен.