ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫНДА 110 ТӨРЕШІ ТӨРЕЛІК ЕТЕДІ

913
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылып отырған «Шымкент жастар лигасы» спорттық іс-шарасындағы ойындарға әділ баға беру мақсатында арнайы лицензиясы бар білікті 110 төрешілер төрелік ететін болады. Бұл туралы бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифинг барысында дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Е.Дәрменов мәлім етті.
«Жарыс қорытындысы бойынша спорт түрлерінен І, ІІ, ІІІ орын алған командалар диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ, спорт түрлерінен «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік ойыншы», «Үздік жетекші», «Үздік жанкүйер», «Үздік фан-клубы» «Үздік тәрбиеші», «Үздік білім беру мекемесі» номинацияларының жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады,-деді Е.Дәрменов.
Баспасөз мәслихатында сөз алған қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Е.Айтбаев жоба жастар мен жасөспірімдердің елдің ертеңіне сенімді азаматтар болып қалыптасуына септігін тигізетінін айтып, жарыстың өту тәртібін түсіндіріп өтті.
«Әр ауданға қарасты мектептер төрт топқа бөлініп, қазан-мамыр айларында өзара сайысып, топ жеңімпаздары анықталады. Аудандардағы ойындардан соң өз тобынан жеңімпаз болып шыққан 16 мектептің командалары сәуір айында 1/8 финалда ойындарды жалғастырады. Жарыс жеңімпаздары мамыр айында анықталып, марапатталады»,-деді Е.Айтбаев.
Бұл ойындарды жергілікті телеарналардан және арнайы ашылған сайттардан тамашалауға болады.
Жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары арасында қазан — мамыр айлары аралығында бас төрешінің бекіткен кестесіне сәйкес, айналымдық кездесу арқылы өтеді.