Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары өз жұбайларын көпшілік алдына көп шығармайды. Көбінесе бірінші ханымдар өзге мемлекет басшылары келген арнайы шараға қатысады. Бірінші ханымдардың көпшілігі арнайы қорлар ашып, қайырымдылықпен айналысады.
Қазақстанның бірінші ханымы
Қазақстанда осы уақытқа дейін бірінші ханым ретінде бір ғана адам белгілі. Ол тұңғыш президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жары Сара Назарбаева. Сара Назарбаева арнайы қор ашып, «Бөбек қоры» арқылы түрлі қайырымдылық шараларын іске асырады. 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке жайғасты, міне осы уақыттан бастап президенттің жұбайына қатысты сауалдар туындады. Қазақстандық БАҚ президент Тоқаевтың жұбайы Надежда Давыдовна екенін, оның Тагильде өмірге келгенін жазды.
Араға уақыт салып Ақорда Тоқаевтың отбасылық жағдайына қатысты ресми ақпаратты шығарды. Отбасылық жағдайы — «ажырасқан» деп көрсетілді. Кей ашық дереккөздерге сенетін болсақ Надежда Мәскеу мемлекеттік тарихи-мұрағаттық институтын бітірген. Қасым-Жомарт пен Надежданың 1984 жылғы Тимур есімді ұлдары бар. Қазіргі таңда Тимур мұнай саласында қызмет етеді.
Қырғызстанның бірінші ханымы
Қырғызстан басшысы Жапаровтың жұбайы Айгүл Асанбайдың жасы 48-де. Ол Ыстық Көл аймағынан. Оның әкесі қазір дау-дамай орталығына айналған Құмтөр кенішінде ұзақ уақыт қызмет еткен. Айгүл Аманбай мектеп бітірген соң, Қаракөлдегі медицина колледжіне оқуға түседі. Артынша ол И.Арабаева атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің педагогикалық факультетін бітіреді.
Садыр мен Айгүлдің төрт баласы бар. Айгүл Асанбай бір сұхбатта бес баласы барын, бесінші бала ретінде жол апатынан қаза тапқан отбасының баласын асырап алғанын айтқан. Айгүлдің шын есімі Гүлнұр, төлқұжатында солай жазылған. Дегенмен халық та, отбасы да оны Айгүл деп атайды.
Айгүл Асанбай «Үміт бұлағы» атты қоғамдық қор құрып, Қырғызстандағы аналар мен балаларға қамқорлық көрсетумен айналысады. Ал қазіргі таңда COVID-19 пандемиясымен күресуде ерікті болып жұмыс жасауда.
Өзбекстанның бірінші ханымы
Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев жұбайымен іс-сапарларға жиі шығады. Алғаш рет Өзбекстанның бірінші хатшысы 2017 жылы өзбек басшысы Қытайға барған сапарында танысты. Оған дейін Зироатхон Хошимова көпшілік алдына көп шықпайтын.
Зироатхон Хошимованың әкесі Ферғана жазықтығындағы ең беделді жандардың бірі болған. Ал көпшілік Өзбекстан басшысының Зироатханмен танысуына әкесі себепкер болған деген ойда. Хошимова— инженер-экономист. Алайда ол өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді, көбіне үй шаруасымен айналысады. Зироатхон Хошимова халықаралық «Замин» қорының өкілі. Ол мүгедек жандардың құқығын қорғау жұмыстарымен айналысады.
Шавкат пен Зироатханның екі қызы және бір ұлдары бар. Зироатхон Хошимова-Мирзиёева мен ресейлік миллиардер Әлішер Усманов құдалар. Кей дерек көздері Шавкат пен Зироатхонның қыздары президенттің оққағарына тұрмысқа шыққанын айтады.
Тәжікстанның бірінші ханымы
Эмомали Рахмоновтың жұбайы жайлы ақпарат өте аз. Ресми ақпарат та жоқ. Әлемдік БАҚ Тәжікстан басшысының жұбайының есімі Азизмо Асадуллаева екенін жазады. Ол ресми және бейресми сапарларға бармайды, көпшілікке шықпайды. Эмомали мен Азизмоның жеті қызы мен екі ұлы бары ғана белгілі.
Азизмо Рахмонова 2014 жылы Эмомали Рахмонның Малайзияға сапары барысында бір мәрте көрінген.
Түркіменстанның бірінші ханымы
Түркіменстанның бірінші ханымы жайлы ақпарат мүлде жоқ. Белгілі ақпараттар бойынша Түркіменстанның бірінші ханымының есімі Огульгерек Атайқызы Бердымухамедова. Ол Лондон мен Ашхабад қалаларында тұрып, екі ел арасында жиі саяхаттайды.
«Адырна» ұлттық порталы