Ахмет Байтұрсынұлы осылай дейді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысындағы сөйлеген сөзінде ұлт ұстазының осы сөзін тегін мысалға келтірген жоқ. Мектепке қыруар қаржы бөлінгенімен, мықты мұғалім, үздік ұстаз болмаса, білім сапасын арттыру мүмкін емес. Аймақтарда білікті мамандар жетіспейді. Кадр тапшы. Саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін ең алдымен үздік педагогтердің қатарын толықтыру маңызды. Ал шалғайда жатқан ауылдарға жұмыс іздеп, білікті кадрлар бармасы анық. Бұл мәселенің түйіні қалай тарқатылады?
Мемлекет басшысы өңірлерге үздік педагогтерді тарту жөнінде арнайы бағдарлама жасау керек екенін айтып, сала басшылығына тапсырма берді. Осыған орай Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында: «Президенттің тапсырмасы бойынша біз қолдау шараларының тиісті пакетімен осы өңірлерге үздік педагогтерді тарту жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз.Педагогтердің осы салаларда жұмыс істеуіне мүдделі болуы үшін біз жалақыны арттыру коэффициентін белгілеу, тұрғын үй беру немесе тұрғын үйді жалға алу құнын өтеу, коммуналдық қызметтерді төлеу өтемақысы және т.б. осы сияқты әлеуметтік қолдау шараларын ұсынамыз» деп жазды. Дұрыс-ақ делік. Кез келген маман ең алдымен әлеуметтік мәселенің шешілгенін қалайды. Бұл орайда әлеуметтік пакет әзірлеудің маңызы зор екені белгілі. Дегенмен өңірдегі кадр тапшылығын жою үшін қандай шешімдер шығарған жөн? Бұған мамандардың өзі не дейді?
Үздік педагог – білім беру мекемесінің тірегі
Білім сарапшысы Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, жақсы мұғалімнің жағдайын директор қай жерде де жасап береді. Өйткені үздік мұғалім – ол кез келген білім беру мекемесінің тірегі. «Сондықтан дәл қазіргі уақытта үздік мұғалімдерді ауылға жіберу мүмкін емес. Оның үстіне үздік мұғалім, мысалы педагог шебер, магистратура бітірген, 10 жылдан астам тәжірибесі бар болса, оның жалақысы да дәл қазір 500 мыңнан жоғары. Оны қалай ынталандырып, ауылға апарасыз?» деп отыр.
Жоғары оқу орнын бітірген мамандардың дені үлкен қалаларда қалуға тырысады. Бірен-саран педагогтер болмаса, көбі шалғайдағы ауылдарға бармайтыны анық. Барған күнде де облыс орталығына тұрақтануға тырысатыны белгілі. Сонда өңірлердегі кадр тапшылығын қалай жоямыз?
Білікті маман, педагог Ақмарал Шатемірқызы «мұндай бағдарламаның әзірленуі – мемлекет тарапынан ауыл біліміне деген қамқорлық, қайтсек шалғай ауылдардағы білімді көтеремін деген жанашырлық» деп отыр. «Өте өзекті, ойландыратын, мақсат қойдыратын бағдарлама. Білімді әрі білікті мұғалімдердің мұғалімдер жетіспейтін өңірлерге барып еңбек етуі болашақта тарихта қалатыны сөзсіз» дейді педагог. Оның айтуынша, мықты мұғалімдерді өңірлерге жіберудің бірнеше жолы бар. Мәселен,
1. «білікті, бірақ пәтер жалдап жүретін үздік мұғалімдерді тарту керек.
2. Мектептерге хабарландырулар таратып, үздік мұғалімдерді шақыру қажет.
Әрине, әлеуметтік жақсы жағдай ұсыну керек: үй (пәтер), жалақы+үстемақы, 5 жылдан көп тұрса, баспанасын тегін жекешелендіру.
3. Әдістемелік құралдармен толық қамтамасыз етілуіне жағдай жасау.
4. Солтүстік өңірлерге көші- қон реформасының тиімді-тиімсіз жақтарын зерделеп, оң тұстарын осы бағдарламаға қолдану» дейді Ақмарал Шатемірқызы. Одан бөлек, педагог кадр тапшы өңірлерді алдын ала хабарласа, амалсыздан басқа қалаларда жұмыс істеп жүрген білікті мұғалімдердің жағдайы жасалса, елге барып, қызмет етуі мүмкін дегенді айтады.
Қай өңірде кадр тапшы?
Ең алдымен, сала басшылығы қай өңірде қандай маман тапшы екенін анықтап, статистика жүргізу қажет секілді. Әрі мықты кадрдың өлшемі қандай? Әуелі осыған баға берген дұрыс. Мәселен, жоғары оқу орнын бітірген жас маман. Дипломы бар, жұмыс керек. Ол қай өңірде мұғалім қажет екенін қайдан біледі? Бұл – бір! Екіншіден, кей мұғалімдер «ауылдық жерлердің көбінде мұғалім жетіспейді» деген долбар ғана дейді. Кейбірі тіпті «солтүстік облыстарға болмаса, оңтүстікте кадр жеткілікті» екенін айтады. Мүмкін, «әр мектепке сауалнама әзірлеп, мұғалімдердің пікірін де білген жөн» шығар. Мұғалімдер сонда бұл мәселенің шешімі оңтайлы шешілер еді деген көзқараста. Амангелді Әлсейітов есімді оқырман «Үздік педагогтерді тарту жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеу – мықты идея. Бірақ бұл идея жүзеге аса қояр ма екен? Өйткені білікті кадрлардың көбі басқа салаға ауысып кетті. Ал басым көпшілігі өздері жұмыс істейтін мектептеріне керек» деген пікірді алға тартады. Ал білікті ұстаз Өмір Шыныбекұлы «бұл бағдарлама туралы сөз қозғауға әлі ерте. Ауылға барған мұғалімге қандай әлеуметтік пакет болары белгісіз» дейді.
Шығысқазақстандық мұғалім Мейіржан Темірбек «Үздік мұғалім деген қандай мұғалім? Оның алдымен аражігін ажыратып алу керек» дейді. Мұғалімнің айтуынша, көбіне кадр тапшылығы ауылдарда көп. Ол жерде инфрақұрылым дамымаған. Бара қояр ма екен? «Үздік мұғалім» түгілі «қарапайым мұғалім» таба алсақ? Бұрыннан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бар ғой? Ол не берді? Қалай талпындырды? «Педагог мәртебесі» заңындағы «талпындыруды» орындай алмай отырып, «үй береміз», «көтерме жалақы береміз» дейді. Меніңше, бара қоюы қиын мәселе. Білім саласының кадрларының көбі 50-ден асқандар, зейнет жасына таяғандар. Зейнет жасын төмендетіп, зейнетке шығарып, жалындаған жастардан тартса, дұрыс болар еді. Олар сол барған жерлерінде бас құрап, жанұя болып қалуы мүмкін. Ал басқа жанұялы «үздік педагогті» бір аптаға, айға апаруға болатын шығар, түпкілікті апару мүмкін емес!» – дейді педагог. Ол отбасы бар, жолдасы қалада қызмет істейтін мұғалімдер «жылы орнынан» қозғала қоймайтынын айтып отыр. Сол себепті де бұл бағдарламаны үздіктерге емес, жастарға пайдаланса деген пікірді айтып отыр.
«30 жылда қаңырап қалған ауылдар, көші-қоны үдеген ауылдарға қалай апаруға болады? Халықта жұмыс жоқ, жұмыс іздеп қалаға кетіп жатыр, мектептер жабылудың аз-ақ алдында тұр. Қалаларда кадр тапшылығы аз. Сондықтан өңірлер дегеніміз – алыс аудан, ауылдар», – дейді Мейіржан Темірбек.
Елімізде бұған дейін «Педагог мәртебесі» туралы арнайы заң қабылданып, мұғалімдердің жалақысы көтеріліп, олардың құқығын қорғау бағытында бірқатар маңызды шаралар қабылданды. Мектеп директоры тікелей педагогтерді жұмысқа қабылдай алмайтыны да белгілі болды. Яғни электронды форматта конкурс арқылы іске асырылмақ. Биылдан бастап балабақша мен мектеп, колледж мұғалімдерінің де жалақысы 25 пайызға көбейді. Бұл да болса, мұғалімдік мамандыққа көзқарастың өзгергенін көрсетсе керек. Бұрын педагогика мамандығына төмен балл жинаған үміткерлер тапсыратыны жиі айтылатын еді. Қазір мұның да шарты өзгерген. Бұрынғыдай төмен балл жинағандар емес, шынайы педагогиканы таңдаған оқушылар грантқа ие болуда. Яғни саладағы оң өзгерістер білім сапасының артуына ықпал етіп жатыр. Енді «Жақсы мұғалім бәрінен де қымбат» екенін ұқтыра алсақ, онда бұл бағдарламаның да ұтары анық. Қандай іс атқарсақ та, барлығы да бүгінгі ұрпақ үшін жасалып жатқаны белгілі. Ал мұғалімдер қауымы «не ексе, соны оратынын» ұмытпаса, болғаны…
Айым БЕКТҰР