ТҰҢҒЫШ ГРОССМЕЙСТЕР ГҮЛІСХАН НАХБАЕВА ТУРИСТІК САЛА ӨКІЛДЕРІМЕН БІРСЕАНСТЫҚ ОЙЫН ӨТКІЗДІ

1207
20 шілде – Халықаралық шахмат күні. Шымкентте атаулы күнге орай Visit Shymkent орталығы туристік индустрия өкілдерінің басын қосып шахматтан Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер Гүлісхан Нахбаевамен бірсеанстық шахмат ойнау шарасын Rixos Khadisha Shymkent-те ұйымдастырды.
«Шымкент – еліміздің шахмат астанасы» брендін қалыптастыру және дамыту мақсатында ұйымдастырылған интеллектуалдық сайысқа 12 адам қатысты.Олардың арасында спорт шеберлігіне үміткерлер де, әуесқой ойыншылар да болды. Үш сағаттан аса жалғасқан ақыл-ой мен шеберлік тартысында гроссмейстер 11 қатысушыны айқын жеңіп, 1 ойыншымен тең ойнады. Қатысушыларға орталық атынан алғыс хаттар табысталды.
Іс-шараның мақсаты — «Шымкент – еліміздің шахмат астанасы» брендін дамыту әрі туристік сала өкілдерінің интеллектуалды ойынға қызығушылықтарын арттыру.
–Мемлекет басшысы шахматты интеллектуалды ойындардың ең озық түрлерінің бірі деп атап өтіп, бұл салаға қолдау білдіргеніне қуаныштымын. Қала мектептерінде шахмат арнайы пән ретінде енгізіліп, насихаттау-үйрету шаралары жүзеге асырылуда. Бұл игілікті іс жалғаса беретініне сенімдімін. Қазір біздің қыздар командасы Үндістанда шахматтан өткелі жатқан олимпиада тартыстарына әзірлік үстінде. 180 елдің шеберлері бақ сынайтын алаңда туымыз жеңіспен желбірейтініне сенімдіміз», — деп ой бөлісті Гүлісхан Нахбаева.
Visit Shymkent орталығының бастамасымен өткен шараға жалпы саны 15-ке жуық туристік индустрия (қонақ үйлер, туроператорлар, турагенттер және гид-экскурсовод) өкілдері қатысты. Қазіргі таңда үшінші мегаполистің туристік әлеуетін арттыру үшін 37 мыңдай адам қызмет етуде.