ГРАНТ ҚАРЖЫСЫНА СҮЙІКТІ КӘСІБІН БАСТАДЫ

1031
Шымкент қаласының тұрғыны Базаркулов Билисбек Нарбекулы мемлекет таратапынан бөлінген грантын жеңіп алып, өз кәсібін бастады, деп жазады қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығына сілтеме жасаған ardak.kz ақпараттық агенттігі.
Билисбек жеке құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін кафель, профиль сынды құрылыс материалдарын кесу, жалғау станоктарын алып, жеке кәсібін ашты. Қазіргі таңда кәсіпкер құрылыс саласы бойынша шағын нысандарды алып, жөндеу жұмыстарымен айналысып келеді.
«Мен бұл кәсіп үшін қажетті құрал жабдықтар алып, жеке іспен айналысуды соңғы 1-2 жыл көлемінде ойлап келдім. Бұл құрылыс, жөндеу саласында қызметке деген сұраныс көп және бәсекелестікте жоғары. Жұмыс барысында құрылысқа қажетті жеке аппараттар мен түрлі кесетін станоктар қажет етіледі. Мемлекеттік бағдарлама арқылы алған қаржыма қажетті құрал-жабдықтар мен шикізаттар сатып алдым. Ал, қазіргі уақытта осы алған станоктармен жұмыс жасап үйреніп (кафель, трубалар кесу, жалғау) тапсырыстар қабылдап жатырмын, — дейді Білісбек Нарбекұлы.
Кәсіпкердің ендігі жоспары кәсібінің ауқымын кеңейтіп, қасына 2-3 маманды жұмысқа қабылдап, жұмыс көлемін арттыру.
Сонымен бірге, Шымкентте әлеуметтік әлсіз топқа жататын көптеген адамдардың кәсіп ашуына мемлекет қаржылай қолдау көрсеткен болатын. Мемлекеттен қайтарымсыз ақша алып, бизнеске белсене кіріскен жандардың арасында көпбалалы аналар, мүгедектер, тіпті зейнет жасынан асқан қариялар да бар. Солардың бірі – Пейсенбаева Фатима Зулпиайдарқызы.
52 жастағы Фатима Зулпиайдарқызы кондитерлік өнімдерден, Қызыл барқыт, Бал тамған, Вупипай мен қатар самса, құймақ, бауырсақ сынды түрлі тәттілер әзірлейді.
«Бастапқы кезде мемлекеттік грантты жеңіп аламын деп ойламадым. Өз ішімдегі қорқынышымды жеңіп, өз бизнес жоспарымды комиссияның алдында қорғап шықтым. Нәтижесінде грант иегері атанып, жеке кәсіпкер иесі атандым. Мен өзіме ұнайтын іспен шұғылданып, кондитерлік түрлі тәттілерді пісірудемін. Қазіргі таңда кәсібім алға басып, еңбегімнің жемісін көрудемін»,- деді Фатима Пейсенбаева.