ЖОЛАЙРЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТЫ НАЗАРДА

886
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов бүгінгі аралауын жол құрылысына арнады. Алдымен Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайрықтың құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.
Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы 3 деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ. Жолайрықтың техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Қазіргі уақытта аталмыш құрылыс нысанында Арғынбеков көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары орнатылуда.
Естеріңізге сала кетейік, жолайрықтың Бәйдібек би бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған болатын. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Бәйдібек би даңғылы бойымен солтүстік бағытта көлік қозғалысы жартылай ашылып, оңтүстік бағытта көлік ағыны Арғынбеков көшесінн бұрылып Байтұрсынов көшесіне қарай өтеді.
Көлік қозғалысы үшін Арғынбеков көшесіне альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген. Ал, Бәйдібек би даңғылына альтернативті көше ретінде Бәйтереков, Шаяхметов және Өтегенов көшелері белгіленген.
Сонымен қатар, 2022 жылдың соңында аяқталатын Қонаев көшесі мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы кестеге сай жүруде.
Былтыр, көлік кептелісін азайту мақсатында, жолайырық құрылысы толық аяқталмай техникалық тұрғыда көлік қозғалысына ашылғанын еске саламыз.
Қазір аяқжолдар салу жұмыстары, жер асты өткелін әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүруде.
Шымкент қаласы әкімі құрылыс алаңына арнайы барып, жұмыс барысын бақылады.
Жоғарыда айтылғандай, екі деңгейлі жолайрықтың құрылысы 2020 жылдың мамыр айында басталып, 2022 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған.
Жолайрықтың техникалық сипатына сай Д.Қонаев көшесінде 1030 метр, Рысқұлов көшесінде 684,7 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген, ені 42 метр, төрт-алты жолақты.