ДОСТЫҚ ШАҒЫН АУДАНЫНА ГАЗ БЕРІЛДІ

892

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов жергілікті халықпен жүздесіп, атқарылған жұмыстарды тексерді. Бұл кездесуге қоғам белсенділері, ауыл билері мен Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов те қатысты. — 2021 жылдың желтоқсан айында 46,06 шақырымға газ жүйесі тартылған болатын. Көгілдір отынмен қамтуда АГРС-3 нысанының іске қосылуын күттік. Енді міне, көптен күткен жұмыс толық аяқталып, сіздерге газ беріліп жатыр. Құжаттары дайын үйлерге газ қосылды. Енді қалғандарыңыз да күз басталмай құжаттарыңызды әзірлеп үлгеріңіздер, — деді шаһар басшысы.

Жалпы Достық шағын ауданында 2686 үй, нақты 15 750 тұрғын бар. Абонемент саны: 2 625. Мердігер мекеме «ГХ Шымкентгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобаны 957,838 миллион теңгеге атқарып, жұмысты мерзімінде аяқтады. Сонымен қоса, Тассай елді мекенін табиғи газбен қамту құрылысы жалғасуда. Мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС тарапынан құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған. Бүгінгі күнге дейін 36 шақырым газ құбыры тартылып, жұмыстардың 50 пайызға жуығы аяқталды. Ішкі орамдық газ құбырын тарту жұмысы толығымен 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Айта кетейік, биыл табиғи газбен қамту бойынша 1 магистралды желі, 15 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіледі.

Нәтижесінде табиғи газбен қамту көрсеткіші 93%-дан, 94,7%-ға дейін көтеріледі. 2023-2025 жылдары аралығында қаланың даму жоспарына сәйкес, жартылай қамтылған 17 елді мекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы салынып, қала тұрғындары, басқада нысандар 100% табиғи газбен қамтылады. 2025 жылы мегаполис тұрғындарының 100 пайыз көгілдір отынмен қамтылуы жоспарлануда. Шымкент қаласын газбен қамту көрсеткішін 2022 жылы 94,7 пайызға ұлғайту жоспарланып отыр.