ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДЕ ТІЛ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

1257
Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасынің өкілдері жолаушыларды тасымалдайтын компания басшыларымен кездесіп, қоғамдық көліктерде аялдамаларды қазақ тілінде атау, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесін талқылады.
Басқармаға қарасты «Оқу орталығының» басшысы Гулмира Жанысбекованың сөзінше, қала тұрғындарынан қоғамдық көліктерде мемлекеттік тілдің қолданысы туралы шағым көптеп түседі.
—Қоғамдық көлік біздің қаламыздың айнасы. Жолаушылар көлігінде көрсетілетін қызметтің мәдениеті, көліктің тазалығы, кондукторлардың әр аялдаманы қалай хабарлайтынын күнделікті көріп жүрміз. Әсіресе, тіл мәдениеті мен тазалығы сақталмай келеді. Қоғамдық көлік арқылы көздеген мекенжайға жеткенше кондукторлар көше аты берілген қазақтың ұлы тұлғаларының тегіне «-ова»,«-ева» қосымшасын қосып хабарлайды. Мәселен, «Байтұрсунова», «Сейфулина», «Алимбетова» т. б. Тіл байлығы, тіл тазалығы —ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнегесі. Сондықтан өздеріңіз жетекшілік ететін қоғамдық көліктерде мемлекеттік тілдің нормаларын сақтауға шақырамыз,— деді Гүлмира Қалыбайқызы.
Жиында аялдамаларды дұрыс атауды, валидатор құрылғысын екі тілде дыбысталуын қадағалау ұсынысы да айтылды.
—Әр аялдамада кондукторлардың айқайлап жеткізуін, коғамдық көлікте ішкі мәдениетті сақтау үшін көше аты берілген тұлғалардың тегіне «-ова», «-ева» қосымшаларынсыз жеткізуді тоқтату керек. Автобус ішіне ілінген жарнама парақшаларында белгілі заңдылыққа сәйкес екі тілде жазылуын да қадағаласаңыздар екен. Әр автобуста үнемі Қазақ радиосы қосулы тұрса, жолаушылар өз аялдамасына жеткенше ұлттық өнер туындыларымен сусындап барар еді. Қазір автобустарда валидатор құрылғысы тек орыс тілінде дыбыстайды. Қазақша сөйлейтін бағдарлама орнатуды қолға алуды сұраймыз, — деді орталық басшысы.
Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, төлем құрылғысындағы дауысты хабарлама орнына енді арнайы дыбыстар орнатылады.
—Қоғамдық көліктердегі валидатор құрылғысын орнатқан инвесторларға қазақша дыбыстайтын бағдарлама орнатуды ұсындық. Құрылғы шетелде өндірілгендіктен алдағы уақытта дауысты хабарлама орнына арнайы дыбыстар қосылады. Картадан төлем алынған жағдайда және төлем жасалмағаны туралы екі түрлі дыбыс шығады. Инвесторлар қазан айына дейін осы тапсырманы орындауға уәде берді -деді Н. Сүгірәлиев.
Жиын соңында тасымалдаушы компания иелеріне қаладағы көше мен аялдама атаулары жазылған ақпараттық парақша таратылды. Парақшада көшелердің ескі және қазіргі атауы көрсетілген. Мәселен, Мира —Бейбітшілік көшесі, Рыскулова —Рысқұлов көшесі, Полторацкий — Ғани Ілияев көшесі. Мекеме басшылары қарамағындағы қызметкерлерге тіл мәдениетін ұстануды қатаң бақылауға алуға уағдаласты.