«ШЫМКЕНТ-ЦИРК» МОҢҒОЛ ӨНЕРПАЗДАРЫМЕН БІРІГІП «ШЫҢҒЫСХАН» АТТЫ ЖАҢА ЖОБА ҰСЫНБАҚ

761

Шымкент қаласындағы іргелі мәдени ошақ ретінде өзіндік орнын қалыптастырып үлгерген «Шымкент-Цирк» мекемесі алыс, жақын шетелдік цирк ұжымдарымен тығыз қарым-қатынаста. Сонымен қатар, қазіргі таңда Астана, Алматы цирктерімен меморандумға отырып, тәжірибе алмасу арқылы цирк өнерінің мүмкіндіктерін танып, оны жетілдіру бағытында жұмыстар жалғасын табуда. Цирк балансында 6 жылқы, 3 пони бар.

Он жылға жуық уақыт ішінде Шымкент циркі толық қалыптасып, жаңашыл, бастамашыл істердің, тың идеялар мен қайталанбас өнер ізденістерінің алдыңғы қатарынан бой түзеді. Өнер мекенінде дарынды да дара,талапты да жігерлі,сан қырлы өнерпаздар топтасып, қызығы мен қиындығы мол цирк әлеміне қадам басты. Халықтың тамаша қойылымға, өрелі өнерге қуана қол соғуына жол салды.

Сонымен қатар, цирк әртістері түрлі Халықаралық байқауларда бақ сынап, жүлделі орындарды иемденуде. Мәселен, Халықаралық «Азия жаңғырығы»  байқауларында жыл сайын жүлделі орындарды қанжығаларына байлап жүр. 2015 жылы «Шабыт» фестивалінен бас жүлдемен оралған әртістер «Азия жаңғырығы» байқауында да бірінші орынмен оралып ел мерейін асқақтатты.

Қазіргі таңда қала халқы өнерпаздардың төл өнерін тамашалап қана қоймай, шетелдік цирк ұжымдарының да қойылымдарын көруге қол жеткізді. Цирк манежі балаларды шынайы ертегіге жетелеп, көзбен көруіне жол салды.

2022 жылдың басынан «Наурыз-Думан», «Магия цирка» атты толық форматтағы бірлескен цирк қойылымдары өтті. Жыл соңына дейі Моңғол циркі «Шыңғысхан» атты жаңа жобасын қабылдау және жаңа жылдық цирк ертегісін ұйымдастыру жоспарлануда.

«Шымкент-Цирк» МКҚК Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, 2011 жылы 17  желтоқсанда ашылған. Типтік жобада салынған цирк мекемесі 1200 орынға ыңғайластырылған. Қазіргі таңда, мекемеде 12 бөлім жұмыс істейді.