«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА 500 БАЛАҒА ОҚУ-ҚҰРАЛЫ БЕРІЛДІ

1348
Жаңа оқу жылы қарсаңында ҚМДБ-ның Шымкент қаласы өкілдігі қала әкімдігімен бірлесе «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Орталық мешітте өткен іс-шарада аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына сөмке мен мектепке қажетті оқу-құралы берілді.
Игі шараға қатысқан Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов жыл сайын өтетін бұл акцияның мақсаты — балаларға қажетті құрал-жабдықтар үлестірумен бірге, оларға мейірім мен қуаныш сыйлау екенін айтты.
–Дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы биыл да жалғасын тауып жатыр. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы 7 бағытта қайырымдылық бастамасын өткізіп келеді. Бүгінгі іс-шара соның бір көрінісі. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп дана халқымыз айтқандай өскелең ұрпақтың білімді, тәрбиелі болып өсуіне үлес қосу үшін осылай қуаныш пен шаттық сыйлағымыз келді. Жүрегінде мейірімі, иманы бар бала өскенде ата-анаға қамқор, елге адал қызмет етеді. Осы қайырымдылықты ұйымдастырған қала әкімдігі мен мешіт имамдарына және демеушілік көрсеткен азаматтарға алғыс білдіреміз, -деді шаһардың бас муфтиі.
Орталық мешітке келіп, сөмке арқалаған балалар мен олардың ата-анасының қуанышында шек жоқ. Немересінің қуанышына серік болған 64 жастағы Жұмагүл Жакипованың айтуынша, көпбалалы отбасыға дәл қазір осындай көмек қажет-ақ.
–Өзім 8 бала өсірген көпбалалы анамын. Келінім алтын алқа иегері. Балаларды оқу-құралдар мен киімін жеткізу машақатын жақсы білемін. Мектепке қажетті құрал үлестіру өте сауапты іс. Бүгінгі қайрымдылыққа жәрдем берген иманды азаматтарға көп рақмет. Жалғыз менің немерем емес көп бала осындай сыйлыққа ие болып отыр. Бүгінгі қайырымдылық көпбалалы отбасылар үшін дер кезінде көрсетілген көмек болды, — дейді Жұмагүл апа.
Жалпы, биыл ҚМДБ-ның өкілдігінің ұйымдастыруымен 1000 баланы мектепке қажетті құралдармен қамту жоспарланған. Бүгін 500 балаға оқу құралы салынған сөмке берілді. Енді қалған оқушыларға әр ауданның орталық мешіттерінде үлестіріледі.