Қазір ешкім жаңа заманға лайық ертегі шығарып айта алмайды деп жүрміз-ау. Сөйтсек, қателеседі екенбіз. Өйткені ондайды жаңа заманның кейбір жаны жоқ қиялшылдары да өз жандарынан құрастырып айта алады екен. Айырмашылығы, бұрынғы хат танымайтын кемпірлердің айтатын ертегілерінде қисын болатын, ал бүгінгінің сауатты сауатсыздары құрастыратын аңыз-ертегілерде қисын түгілі, титтей өнеге ететін бір пәлсапа да болмайды екен. Бұл сөзімді ютуб желісіндегі ертегі құрастырып айтқыш Азатбай Өтебайұлы деген азаматтың (азамат па, әлде, біреудің тапсырысын орындаушы жалдамалы жаны жоқ па, кім білсін…) сөздері дәлелдеп отыр… Ол туралы сәл кейінірек. Ал қазір Азатбек деген жетесіздің әңгімесінің қисынсыздығын айтпай тұрып, Қараман қарақшының кім екенін аз-маз айтып өтейін.
Ол 1896 жылы Оңтүстік Қазақстандағы Келес өзені бойында туған. Әкесі би әрі бақуатты адам болған. 1971 жылы сол төңіректегі Дархан деген ауылда өмірден өткен. Қараман өзіне барлық нәрсе жетіп тұрса да, бала кезінде-ақ әлдебір себептермен үйінен қашып кетеді. Содан бұзақы балаларға бас болып, Ташкент көшелерінде, қазіргі Өзбекстан жерінде, Шымкент төңірегінде кедей-кепшіктерге болысып, байлардың сазайын тартқызады. Оның бастан кешкендері мен атқарған іс-әрекеттерінің өзі аңыз іспеттес. Бозбала шағында Ташкенттегі патша шенеуніктерімен, жігіттік уақытында қызыл үкіметпен, сондай-ақ тау жайлаған басмашылармен де алысып өткен. Былайша, айтқанда, ол тек өз азаттығын, елдің еркіндігін аңсаған адам. Қараман 1917-1936 жылдары үстем тап өкілдерінен зәбір тартқан, бай-бағландардан, озбыр қызыл әскерлердің зорлығынан жапа шеккен аш-жалаңаш, кембағал, момын қазақтарға көп болысқан. Әсіресе, ашаршылық жылдары қаңғыған қазақтарға мол жәрдемі тиген. Бұлардан басқа да, елге қаншама игі істер істеген.
Жаңа үкіметпен де еш ымыраға келмеген. Соның кесірінен 1950 жылға дейін 23 рет сотталған. Бірақ еш уақытта алты айдан артық түрмеде отырмаған. Ебін тауып, босанып кетіп отырған. Немесе түрме басшылырының өздері босатып отырған. Кеңес үкіметі оған «қарақшы» деген ат берген. Соған орай жұрт та оны «Қараман қарақшы» деп атаған. Бірақ қарақшы атай отырып, оны қатты жақсы көрген, сыйлаған, құрметтеген. Себебі, Қараман көпшіліктің адамы болған. Қысқа қайырғанда, ол әруақ қонған адам. Ал қазақта ондай ерлер көп болғаны белгілі. 1950 жылдардан кейін оны өзінің қарақшы деген аты асыраған. Себебі түсінікті ғой… «Батырды ел асырайды» деген. Оның үстіне қартайған кезде оның өзіне жетерлік мал-мүлкі де болған.
Бұл туралы сөзді ұзартып не қылайын. Менің алғаш рет 2007 жылы шыққан, кейін оқырмандары көп болуы себепті және сұраныстың артуына байланысты үш мәрте қайта басылған «Қараман қарақшы» деген кітабымда оның бар болмыс-бейнесі ашып көрсетілген. Оны кейбір оқырмандар «Қазақтың Робин Гуды» деп мадақтаған. Енді сен, Азатбек жетпегір, осындай тұлғаны ешкімді аямайтын, ісі мен сөзі лас, жүрген жерінің бәрі лаң деп неге сүйеніп, қандай мәліметке сеніп айтқансың?!
Сенің сөзіңнің өтірігі мен жалғандығында шек жоқ. Қараман бастаған топ КСРО елдері егемендік алған кезеңде Өзбекстан мен Ресей арасын қатынайтын «КамАЗ-дарды» тонаған дейсің. Өз сөзіңнің астарына сәл мән берсейші. КСРО 1990-1991 жылдары тарады. Бұл уақытта Қарманның өмірден өткеніне жиырма жыл болған. Оған қоса, Қараман өз өмірінде «КамАЗ» машинасын көрмеген. «КамАЗ» Қазақстанға тек 1976 жылдан кейін ғана келді. Ендеше, Қараман ана дүниеде жатып, біздің егемендігіміз бен «КамАЗ-дарды» көрмесе, бұл дүниеде көрген жоқ. Одан соң ол 1990 жылдары Бетпақдалада, Қызылорда маңында, Сыр бойында ол неғып қаңғып жүр? Қандай есірткі егушілермен атысып жүр? Бұл қайдан шыққан ертегі?..
Қараманнан бастап, жанындағы жігіттердің барлығы машина айдайтын кәнігі шопыр болған дейсің. 1970 жылы атақты Бауыржан Момышұлы араға түсіп, Қараман бір «Волга-21» сатып алған. Алайда «Машина айдау – мен сияқты кәріге қол емес» деп оны айдамаған. Сиыр туралы айтқан әңгімең де ертегіден өтіп кеткен ертегі. Тіпті Тазша бала да сен сияқты өтірік әңгіме құрастырып айта алмайтын шығар. Мұндай жаны жоқтықты қайдан үйренгенсің?..
Бәлкім, сен «Менің айтып отырғаным басқа Қараман» дерсің. Олай десең, бүкіл қазақ даласында қарақшы ныспысын иемденген Жолшыұлы Қараманнан басқа Қараман жоқ. Болмаған да. Тіпті 1990 жылдардағы «разборщиктер» мен көше бұзақыларының арасында да Қараман деген ешкім болмаған. Өйткені мен ол кездегі мықты атамандардың, топ бастаған «главарьлардың», «разборщиктердің» бәрін мен жақсы білемін…
Қарманнан өшің кеткен адамдай оның атын қайта-қайта айтасың. Құдай біледі, сен, біреудің тапсырмасын орындап, менің «Қараман қарақшы» кітабымдағы Қараманның беделін түсіруге тырысқан, ақшаға жалданған ерме, ез, пайымы жоқ мисыз адам шығарсың. Әлде осы әңгіме арқылы айтып, менің беделіме нұқсан келтірейін дедің бе?..
Есіңде болсын, Қараман тараған бір топ әулет бар. Ол әулетпен туыс тұтас бір рулы ел бар. Сенің мына сөзіңді есітіп, олардың зығырданы қайнап отыр. Әруақты аталарының рухын табанға салып, Қараманды келеке, мазақ түріндегі, одан қалды, қанішер, баскесер, жауыз тұрыпты әңгіменің басты кейіпкері еткенің үшін олар сенен жауапкершілікті талап етпекші. Заң бойынша. Білесің бе, біреулердің ата-бабасын нақақ қаралаған адамға да Қазақстан заңында нақты жаза бар екенін? Мен де халық қаһарманы атанған Қараман сынды кейіпкерімді қайдағы бір түнде жортатын көртышқанға айналдырып, қараңғыны серік еткен жапалақ пен жарқанатқа теңегенің үшін сені сол заң бойынша жауапқа сүйреймін…
Ойдан құралған ертегіңе ойдан құраған бір кейіпкерді ала бермейсің бе, нең бар Қараманда? Тағы да сөзіңнің аяғында елге ақыл айтып, жұртты тәрбиеге шақырғаныңды қайтерсің. Кім екенің ертең-ақ анықталады, ертегі айтқыш Азатбек Өтелбайұлы. Сен сияқтылар елді тәртіпке шақырмай-ақ, артына қарап, айтқан сөзіне мән беріп жүрсін!
Сәлемнен Момбек Әбдіәкімұлы,
жазушы.