Қорғаныс министрлігі әскери борышын өтеген сарбаздар жоғары оқу орнында тегін білім алатынын хабарлады.
Қорғаныс министрлігі жаңа жоба арқылы жастардың әскерге баруға деген ынтасын арттыруды мақсат еткен.
«Жеке қасиеттеріне, үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезеңінде жауынгерлік даярлықта қол жеткізген жоғары нәтижелеріне қарай әскери қызметшілерге жоғары оқу орнының гранты есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі берілетін болады», делінген министрлік хабарламасында.
Жаңа жобаны Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдап отыр. Бұдан бөлек әскерге барып келгендерге бірнеше жеңілдік жасалады. Олар:
- ҰБТ-ны есепке алмай, әңгімелесу нәтижесі бойынша екі жыл ішінде ақылы негізде жоғары оқу орнына түсу;
- ЖОО әскери кафедрасында тегін оқу;
- әскери оқу орындарына емтихансыз және ҰБТ-сыз оқуға түсу.
«Әскери оқу орындарына емтихансыз түсу және азаматтық жоғары оқу орындарында оқу грантын алу кезінде әскери қызметшілердің Отан алдындағы борышын өтеген балаларына да басымдық беріледі деген жоспар бар. Жобаны іске асыру үшін білім беру саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізудің қажеті жоқ» делінген хабарламада.