«Қауіпсіздікке нұқсан келтіреді»: Бас прокурор Мәсімовтің ісі не себепті құпия тергелетінін айтты

879

Бас прокурор Берік Асылов Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің ісі неліктен құпия режимде тергелетінін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Берік Асылов Мәсімовке қатысты мемлекетке опасыздық жасау және басқа да аса ауыр қылмыстар бойынша іс қозғалғанын атап өтті.

«Материалдарды жариялауға шектеу қойылған, өйткені мұнда мемлекеттік құпиялар бар. Істе сыртқы саяси, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты мәліметтер бар. Оларды жариялау ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін», – деді Берік Асылов.

Бас прокурордың сөзінше, ҰҚК бұрынғы төрағасы Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Садықұловқа қатысты қылмыстық іс қазір соттың қарауында.

«Тағы бір бұрынғы орынбасары Ерғожин билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер және лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша айыпталды. Сондай-ақ бұрынғы орынбасары Осиповке және ҰҚК бөлімшелерінің басқа басшыларына өкiлеттiктерді асыра пайдалану айыбы тағылып отыр. Басқа ақпаратты аша алмаймын. Қылмыстық істің егжей-тегжейін айтуға құқығым жоқ», – деді Берік Асылов.