СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕСТІ КҮШЕЙТУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

789
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің тәртібі бойынша облысқа қарасты басқарма басшылары мен жұмысшы топ құрамына түсіндіру іс-шарасы өтті.
Басқарма қызметіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттердің алдын алу мақсатында ұйымдастырылған келелі жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Превенция басқарма басшысының орынбасары Сәбит Асылбек арнайы қатысып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілетін ішкі талдаудың үлгілік қағидаларымен жіті таныстырды.
Атап айтсақ, ішкі талдау жүргізудің кезеңдері мен принциптері, талдау объектісі мен бағыты, талдамалық анықтама жазудың әдістемесі мен құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық нормалары жан-жақты түсіндіріліп, ортаға салынды.
Жиында Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Амантайұлы 2022 жылы облыстық басқармаларда жүргізілген ішкі талдау жұмыстарының нәтижесіне тоқталып, талдау жұмыстарын жүргізуде селқостық танытқан бірнеше басқарма басшылығына жұмысты ширатуды тапсырды. Сондай-ақ жемқорлықтың туындау ықтималдылығы жоғары бірқатар салалар туралы айтып, киелі Түркістан өңірін сыбайластықтан азат, жемқорлықтан таза етуге бірлесе жұмылу қажеттігін тілге тиек етті.
– Мемлекеттік қызметкерлер, басшылар Отан алдындағы антына адал болып, елге шынайы қызмет етулері тиіс. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдауды талапқа сай жүргізген жөн. Баршаңыздан осы бағыттағы жұмысты талап етеміз, – деді аппарат басшысы.
Мекеме қызметінде туындайтын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауда сапаға баса назар аударуды тапсырған Еркеғали Әлімқұлов басқарма басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Алдағы уақытта да ортақ мақсат жолында Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментімен бірге ауқымды жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі