«ҚОҒАМДЫҚ бақылау туралы» заң: 50 мың дауыс жинаған ПЕТИЦИЯНЫ Үкімет өзі қарайды

584

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғамдық бақылау туралы» заңға қол қойды. Сондай-ақ заң аясында петиция ұғымы енгізілді. Заң қалай жұмыс істейді?

Депутат Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА «бұл заңды қабылдағандағы мақсат – мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторлардың ашықтығы мен қоғамдық бақылау механизмдерін дамыту» деген пікірде.

 Қоғамдық-экологиялық бақылау жүзеге асырылатын субъектілер саны артты және әскери оқу орындары тәрбиеленушілері мен ұландарының, кадеттері және курсанттарының өмірі мен тұрмысын көру үшін жақын туыстарына баруға рұқсат етілді. Бұл дегеніміз, әскери курсанттардың жақын туыстары, туған ата-анасы осы әскери оқу орындары мен бөлімшелерге бара алады, тамақтануымен, тәртібімен танысуына мүмкіндік бар, – дейді депутат.

Ж.Сүлейменова. Фото: ғаламтордан

Сонымен бірге, Әкімшілік және рәсімдік процесстік кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітілді. Петицияны Қазақстан Республикасы азаматтары арнайы интернет порталы арқылы бере алады. Уәкілетті орган петиция жария болғанға дейінгі заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін қарайды. Сонымен қатар, петиция берілген күннен бастап электронды түрде 10 жұмыс күні ішінде, ал қағаз күйінде 20 жұмыс күні ішінде 50 адам қосылуы қажет.

Петицияны міндетті түрде қарау үшін оларды қолдайтын дауыстың шекті мәндері бекітілді. Аудандық деңгейде аудандық әкімдіктер қарауы үшін халқы 50 мыңнан асатын болса 2,5 мың дауыс жинауы тиіс, бұл – халық санының кемінде 5 пайызы. Ал аудандық деңгейдегі мәслихаттар қарауы үшін халқы 50 мыңнан асатын болса 5 мың дауыс болуы шарт, бұл – халық санының кемінде 10 пайызы.

Облыстық деңгейдегі әкімдіктер үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік тұрғындарының 1 пайыз дауысы және облыстық деңгейдегі мәслихаттар қарайтын петиция тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік тұрғындарының кемінде 2 пайызы болуы шарт. Ал Республикалық деңгейде үкімет қарайтын петиция кемінде 50 мың дауыс жинауы абзал.

Дауыстың шекті мәні жиналған жағдайда мемлекеттік органдарда қаралады. Олар ауданда – әкімдік, аудандық мәслихат облыстық әкімдік пен облыстық мәслихат және Республика деңгейінде – Үкімет.  Осының негізінде шешім қабылданады немесе петицияны қанағаттандырудан дәлелді бас тарту туралы уәжді жауаптары да авторларға жолданатын болады.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бұл саяси мәдениеттің сонымен қатар билік пен бұқараның арасындағы саяси диалогтың жаңа бір деңгейін көрсетеді.

Депутат Ерлан САЙЫРОВ «енді мемлекетті басқаруға тек қана сайлау арқылы емес, сонымен қатар қоғам тікелей бюджет пен мемлекеттік органдарды бақылауға ала алады» дейді.

Е.Сайыров. Фото: ғаламтордан

– Қоғамдық бақылау туралы заң мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты одан әры нығайтады. Яғни азаматтар мемлекеттің ісіне араласудың тікелей әдістері мен тәсілдерін қолдана алады. Бұл заң бойынша «Самрұқ-Қазына» әл-ауқат қоры мен Назарбаев интеллектуалды мектептері, сондай-ақ әскери салада қоғамдық бақылау функциялары орнайтын болады. Яғни осы салалардың барлығының экономикалық жағдайы, әскерилердің жүріс-тұрысы сияқты жағдайлардың барлығы қоғамның бақылауында болады.

Сонымен бірге аймақтар мен аудандық, облыстық деңгейде бюджеттің атқарылуына ел тікелей араласа алады. Біз аймақтарға барғанда бюджеттің есебінен салынған мектеп, аурухана, мәдениет үйлерінің сапасына азаматтардың көңілі толмай жатады.

Міне, енді осы нысандардың сапасын тексеру үшін де қоғамдық бақылау функциясы енеді. Халық өздері ұйымдасып, осы нысандардың қаржысы қалай жұмсалып жатыр, сапасы қандай екенін тексере алады.

Бұл – демократияның тікелей формасы. Бұл заңды қабылдау Қазақстанның қоғамдық қатынастарындағы үлкен қадам және елдің саяси мәдениетін арттыру мен мемлекеттің ісіне халықтың тікелей араласуына жағдай жасайтын үлкен прогрессивті қадам, – дейді Ерлан Саиров.

Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Астана.

nege.kz