13 мамырда Худжанд қаласында (Тәжікстан) Орталық Азия кәсіби одақтар Кеңесінің (ОАКОК) V отырысы өтті. Шараға Кеңеске мүше мемлекеттердің, атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстанның ұлттық кәсіби орталықтар басшылары, сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары қатысты.
Басты тақырып трансұлттық корпорацияларда әлеуметтік әріптестік орнату, жұмысшыларды лайықты еңбекпен қамтамасыз ету мәселесіне арналды.
Жиында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Ұлттық және халықаралық заңнаманы жаңарта отырып, бәрімізге жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту, ең алдымен әлеуметтік әріптестік орнатудың тиімділігін арттыру қажет екендігін баса айтып, «Қазақстан кәсіподақтары Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының негізгі қағидаттарына негізделген барлық қызметкерлерді басты құқығымен қамтамасыз ететін жалпыға бірдей еңбек кепілдігін белгілеу жөніндегі үндеуін қолдайды», — деді. Ол әлеуметтік әділдікке қол жеткізу үшін қоғамдық шарт институтын дамыту керектігін баса айтып, лайықты еңбектің 4 негізгі аспектісіне тоқталды.
Атап айтқанда: толық және нәтижелі жұмыспен қамтуға ықпалдасу, әлеуметтік тұрғыда қорғау, әлеуметтік диалог орнату және трипартизмді жүзеге асыру, еңбек саласындағы әлеуметтік қағидаттар мен құқықтарды сақтау және әлеуметтік әділдік қағидаттарын берік ұстану.
Анықтама: Орталық Азия елдерінің Кәсіподақтар кеңесі – мемлекеттік емес коммерциялық емес ұйым. Ол өз қызметін халықаралық деңгейде жүзеге асырады.
Негізгі мақсаты – қызметкерлердің әлеуметтік, еңбек, кәсіби, экономикалық және өзге де заңды құқықтары мен мүдделерін, кәсіподақ қызметінің құқықтары мен кепілдіктерін қорғау, кәсіподақтардың халықаралық ынтымақтастығын нығайту.
Кеңес 2021 жылдың 10 қарашасында Ташкент қаласында құрылтайшылардың жалпы жиналысында құрылды. Оның құрамына Қазақстан Республикасының кәсіподақтар Федерациясы, Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы және Тәжікстанның Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясы кірді.
Ал, 2022 жылғы 19-22 қыркүйекте Ташкент қаласында Еуропа және Орталық Азия секторының меңгерушісі Actrav/ХЕҰ Сергеюс Гловацкастың, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Моңғолия кәсіподақтары делегацияларының қатысуымен Орталық Азия елдері кәсіподақтар Кеңесінің II отырысы өткен болатын.
Жиында Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясы мен Моңғолия Кәсіподақтар конфедерациясы ұйым құрамына жаңа мүшелер ретінде қабылданды.
✍️»Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» АКБ баспасөз қызметі