“Депутаттар елімізді мазақ қылады“: Перуашев Тоқаевтың сынына жауап берді

112

Мәжіліс кулуарында Азат Перуашев Қазақстанды «штрафстан» деп атағанын сәтсіз термин ретінде мойындап, аталған жағдайдың сабақ болғанын алға тартты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Мына терминді пайдаланғаным дұрыс емес болды. Ол — рас. Мойындап отырмын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқанымен келісемін. Елімізді жақсы көруіміз керек. Себебі бұл біздің Отанымыз. Басқа Отанымыз жоқ. Еліміз туралы айтқан кезде оны басқалары қалай қабылдайтынын ескеруіміз қажет. Бір мәселе — біз қандай да бір сұрақтарды шешу үшін талқылау жүргізу. Екінші мәселе — бұл талқылаудың белгілі бір мемге айналып кетуі. Ескеру керек, президент тек депутаттар туралы ғана емес, блогерлер мен қоғам қайраткерлері жайлы да айтты. Біз шетелдік инвесторлар мен туристердің елімізге келуіне мүдделіміз. Олар нашар елге келмейді. Олар өзін құрметтейтін және мақтанатын дүниесі бар елге келеді», — деді Перуашев.

Президент сыны

Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қаңтар Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстанды мазақ қылуға әуестеніп бара жатқан азаматтарды сынға алды.

«Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін-өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе», — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, 2024 жылғы 4 желтоқсанда Мәжіліс «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екінші оқылымда қабылданған кезде «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев бұл құжатқа қарсы шығып, елді «штрафстан» деп атады.