Қазақстан мүмкіндігін жіберіп алды ма? Орталық Азияның жаңа экономикалық көшбасшысы кім болады?

81

Қазақстаннан шетелдік инвесторлар кетіп жатыр. Былтыр ел тарихында алғаш рет шетелден келетін қаржы минус 2,5 миллиард долларды құрады. Ал көрші Өзбекстан, экономикасы Қазақстаннан екі жарым есе кіші бола тұра, 2024 жылы 2,8 миллиард доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарта білді.

Қазақстан Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшы рөлінен айырылып қалуы мүмкін бе? Бұл тақырыпты Caravan.kz медиа порталы Азаттықтың орыс редакциясына сілтеме жасап хабарлайды.

Былтыр Ташкентте Қытайлық NETA электромобиль брендінің салтанатты ашылуы өтті. Орталық Азиядағы алғашқы шоурумның ашылуына өзбек үкіметінің шенеуніктері мен Қытайдан келген автокомпанияның топ-менеджерлері қатысты.

Қытайлық брендтің иесі Өзбекстанды Орталық Азия нарығына шығатын алғашқы нүкте ретінде бекер таңдамағанын айтып, елдің аймақтық көлік-логистикалық және экономикалық хабқа айналып келе жатқанын атап өтті.

Сол күзде Өзбекстан астанасында люкс санатындағы көліктер шығаратын немістің Porsche автокомпаниясының Орталық Азиядағы алғашқы шоурумы ашылды. Ал жапондық Sumitomo сауда компаниясы Өзбекстанда логистикалық орталық пен бажсыз сауда аймағын құратынын жариялады.

2024 жылы есігін айқара ашқан Tashkent City Mall көптеген әлемдік брендтер мен бөлшек сауда желілерін тартты. Оны Орталық Азия аймағындағы ең ірі сауда ойын-сауық орталығы деп атайды. Оның аумағы 225 мың шаршы метрді құрайды. Бұл Алматы мен Астанадағы ірі сауда орталықтарынан да үлкен.

Бұдан он жыл бұрын мұндайды елестету де қиын еді. Өзбекстан тұңғыш президент Ислам Каримов кезінде әлемге жабық ел болатын. Оның орнына келген Шавкат Мирзиеев бастаған реформалар елді сыртқы инвестициялар үшін ашты.

Өзбекстан қалай шетелдік инвесторлар үшін тартымды елге айналды?

2017 жылы Ташкент қаржы секторын қайта құруға кірісті және валютаны еркін айырбастауға рұқсат берді. Бұған дейін елде АҚШ долларының жасанды төмендетілген ресми бағамы мен көлеңкелі нарықтағы бағам қатар өмір сүріп келді, ал бизнестің валютамен қолма-қол емес операция жүргізуі қиын болатын. Мирзиеев билікке келгеннен кейін инвестицияларды ұлттық деңгейде қорғауға кепілдік беретін заң қабылданып, шетелдік қаражат тартумен айналысатын мемлекеттік институттар құрылды, ал шетелдік бизнеске салықтық демалыс пен басқа да жеңілдіктер ұсынылды.

Инвесторлар келе бастады. 2019 жылы американдық Hilton қонақ үй желісі Ташкентте ашылды. Келесі жылдары ондаған интернет-компаниялар Өзбекстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) төлеуші ретінде тіркелді. Олардың арасында Netflix, Google Commerce, Google Voice, Apple Distribution International, Samsung Electronics секілді ірі ойыншылар бар.

2023 жылы трансұлттық Nike компаниясы Өзбекстан провинциясында спорттық аяқ киім өндірісін бастады. Андижан облысындағы кәсіпорын кроссовкалар шығарып, оларды Орталық Азия елдері мен Пәкістан нарықтарына экспорттап отыр.

Ел экспортты белсенді түрде арттырып келеді. Өзбекстан тек шикізатты ғана емес, сонымен қатар дайын өнімдерді де сатумен айналысады. Яғни киім-кешек (Made in Uzbekistan белгісімен шыққан тауарлар аймақтағы елдерде өз орнын тапты), ауыл шаруашылығы өнімдері, тыңайтқыштар, машиналар. Былтыр ел жалпы экспорт көлемін 8,4 пайызға арттырып, 27 миллиард долларға жуықтатқан. Оның 60 пайыздан астамы — дайын өнім.

Ал Қазақстан — Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Оның ЖІӨ-сі 288 миллиард доллардан асады, бұл Өзбекстан көрсеткішінен екі жарым есе жоғары. Қазақстан өткен жылы 81,6 миллиард доллардың өнімін экспорттады. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 3,1 пайызға көп. Алайда экспорттың негізгі бөлігін, шамамен 77 пайызын шикізаттық өнімдер мен қайта өңдеуден өткен металдар құрады.

Соңғы он жылда Қазақстан экспорты айтарлықтай өзгерген жоқ, небәрі 4,3 пайызға өсті (2014 жылы 78,2 миллиард доллар болса, 2024 жылы 81,6 миллиард болды). Ал Өзбекстан экспорты екі есеге жуық артты: 2014 жылы 13,5 миллиард доллар болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 27 миллиардқа жақындады.

«Соңғы жылдары Өзбекстанға инвесторлардың қызығушылығы артты. Бұрын инвестициялық делегациялар тек Қазақстанға келетін, енді олар маршрутына Ташкентті де қосып жатыр, — дейді Орталық Азияны зерттеуші Паоло Сорбелло. 

Жоғары пайыздық мөлшерлемелер шетелдік инвесторлар үшін өте тартымды. Олар, тіпті, бұрын валюта тұрақсыздығы мен тәуекелдерге байланысты болмаған, егеменді қарық нарығына да кіре бастады.

АҚШ Мемлекеттік департаменті 2024 жылғы инвестициялық ахуал туралы баяндамасында Өзбекстанды қарқынды дамып келе жатқан экономикасы бар ел деп атап, үкіметтің шетелдік инвестицияларды “кедейлікті жою және 2030 жылға қарай орташа табысты елдер қатарына қосылу” мақсатындағы даму саясаты үшін шешуші фактор ретінде қарастыратынын жазады. Онда Өзбекстанның 37 миллион адамнан тұратын ішкі нарығының қарқынды өсуі, табиғи ресурстарға байлығы және салыстырмалы түрде дамыған инфрақұрылымы бар екені айтылған.

Ташкент осы әлеуетін пайдалануға тырысып жатыр. БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясы (UNCTAD) бағалауынша, 2024 жылы Орталық Азия елдеріне тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) көлемі 39 пайызға қысқарған. Алайда Өзбекстан оң динамика көрсеткен. Елдің Ұлттық банкінің дерегінше, 2024 жылы Өзбекстанға таза ТШИ ағыны 2023 жылмен салыстырғанда 32 пайызға артып, 2,8 миллиард долларды құрады.

Ал Қазақстанда 2024 жылы керісінше, шетелдік инвестициялар нарықтан кете бастады. Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, өткен жылы елден таза капитал ағыны 2,55 миллиард долларды құрап, Қазақстан тарихында алғаш рет көрсеткіш минусқа кеткен. 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасына сәйкес, 2024 жылы ТШИ көлемі 5,1 пайызға өсіп, 24,8 миллиард долларға жетуі керек болатын. Алайда іс жүзінде ол 28,5 пайызға төмендеп, 17,2 миллиард долларды ғана құрады.

Halyk Finance инвестициялық компаниясының пікірінше, шетелдік капитал салымдарының азаюына ең алдымен кен өндіру секторы, атап айтқанда, көптеген жылдар бойы Қазақстанға шетелдік инвестицияларды тартудың негізгі қозғаушы күші болған мұнай-газ саласындағы инвестициялардың күрт қысқаруы себеп болды.

Ал шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында құрылған “Kazakh Invest” ұлттық компаниясы бұл төмендеуді Атырау облысындағы Теңіз кен орнында жүзеге асырылған ірі өндірістік жобаның “Болашақ кеңейту жобасының” аяқталуымен түсіндіреді. Бұл жобаға шамамен 46 миллиард доллар инвестиция салынған.

«ТШИ-дың таза ағынының азаюы бұл бірқатар объективті экономикалық факторлардың салдары. Бұл инвестициялық саясаттағы кемшіліктерден емес, әлемдік шикізат нарықтарындағы құбылмалылықтан туындаған уақытша құбылыс ретінде қарастырылуы тиіс», — дейді ұлттық компания өкілдері.

2020 жылы екі ел бірлескен шекарада көлік-логистикалық хаб салу жоспарын жариялады. Осы мақсатта хаттамаға қол қойылды. БАҚ бұл жобаны Қазақстан мен Қытай арасындағы «Қорғас» орталығының баламасы ретінде атады. Хаб Сарыағаш пен Ташкент арасындағы «Жібек Жолы» мен «Гишт Куприк» өткізу пункттері маңында орналасуы тиіс еді. Бұл жерді құрлықтағы негізгі торап, яғни Өзбекстаннан Ресей мен Еуропаға Қазақстан арқылы шығатын қақпа ретінде сипаттады. Хаб өзбек жүк тасымалдарын теңіз порттарына жеткізуге мүмкіндік беруі керек болатын.

Алайда бес жыл өтсе де, бұл хаб салынған жоқ. Қазір оны «Атамекен» және «Гулистан» өткізу бекеттері маңында салу туралы жаңа жоспарлар қайтадан пайда болды. Үкімет өкілдері бұл жоба жүк тасымалын жеделдетіп, логистикалық шығындарды азайтып, тұтынушылар үшін тауар бағасын төмендетеді деп сендіруде.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қатынаста қызғаныш пен бәсекелестік бар ма?

Сарапшылардың пікірінше, бар да, жоқ та.

«Қазақстан мен Өзбекстан арасында тікелей шетелдік инвестициялар үшін жасырын бәсеке жүріп жатыр. Өйткені аймаққа инвестициялайтын қаржы көлемі шектеулі. Бұл дегеніміз, егер инвестициялар көп жағдайда Өзбекстанға тартылса, онда Қазақстанға келетін инвестиция көлемі азаюы мүмкін және керісінше, — дейді Орталық Азияны зерттеушісі Паоло Сорбелло.

Экономист Марат Қайырленовтың айтуынша, мемлекеттік басқарудың сапасы бойынша Өзбекстан қазіргі кезде Қазақстаннан жоғары.

«Теориялық тұрғыдан бәрі мүмкін. Бірақ практикалық тұрғыдан қарағанда, біздің экономикамыз 288 миллиард доллар болса, Өзбекстанның экономикасы әлдеқайда кішірек. Бірақ, бізге босаңсуға болмайды. Біз 2024 жылы инвестициялар ВВП-ның 14 пайызын құрады, бұл 27 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Біз шын мәнінде экономикалық саясатымызды жақсартып, мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруымыз керек, жаңа басқарушыларды іздеуіміз керек, — дейді экономист.

Қазақстанда шикізатқа тәуелділікті төмендету және экономиканы әртараптандыру туралы айтылып келе жатқанына бірнеше онжылдықтар болды, бірақ іс жүзінде көп нәрсе өзгерген жоқ. Осы уақытта инвесторлар Өзбекстанға қызығушылық таныта бастады.

«Өзбекстанның экономикасы әлдеқайда әртараптандырылған. Қазақстанға келген барлық тікелей шетелдік инвестициялар негізінен мұнай-газ секторына шоғырланған», — деп атап өтті Орталық Азияны зерттеуші Паоло Сорбелло. 

Өзбекстан инвесторларға кең мүмкіндіктер ұсына алады және болашақ экономикалық дағдарыстарды жеңіл өтетіндей жағдай жасай алады дейді сарапшылар. Ал Қазақстанның экономикасы негізінен шикізат бағасына тәуелді, бұл өз кезегінде елдің экономикалық тұрақтылығын әлсіретеді.

Осылайша, Өзбекстан өзінің инвестициялық климатын жақсарту мен экономикасын әртараптандыруда айтарлықтай жетістіктерге жетіп, Орталық Азияның жаңа экономикалық хабына айналуға талпынып жатыр. Ал Қазақстанға шетелдік инвестициялар азайып, шикізаттық тәуелділік пен басқару мәселелері шешілмей қалып отыр.