«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, ҚР Ауыр атлетика федерациясының вице-президенті және Шымкент қаласы бойынша филиал президенті Мұрат Жолдыхожаев ауыр атлетика жаттықтырушы-бапкерлерімен арнайы кездесу өткізді. Бұл кездесудің негізгі мақсаты – федерацияның жұмысын жетілдіру, спортшыларды қолдау шараларын күшейту және федерацияның болашақтағы даму бағыттарын айқындау болды.
Кездесу барысында федерацияның бүгінге дейін атқарған жұмыстары сараланып, алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды. Қатысушылардың айтуынша, соңғы жылдары ауыр атлетика саласында бірқатар жетістіктерге қол жеткізілгенімен, спортшыларға арналған қолдау шараларын күшейту қажет екені анықталды. Жаттықтырушы-бапкерлер қазіргі кездегі спорттық жағдайды жақсарту үшін, федерацияның әрекеттерін жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
Мұрат Жолдыхожаевтың бастамасымен федерацияның іс-қағаздарын жүргізуге жауапты директор лауазымына спорт саласында тәжірибесі бар Игорь Пчелинцев тағайындалды. Бұл шешім федерацияның жұмысын жүйелеу мен басқару сапасын арттыру мақсатында қабылданды. Осылайша, федерацияның жұмысы нақты бағыттарға бөлініп, басқару жүйесі тиімдірек болмақ.
– «Спортшыларға федерация тарапынан қолдау көрсету бағытындағы жұмысты жандандыра түсу керек. Осы мақсатта іс-қағаздармен тұрақты түрде айналысатын адамды тағайындап алғанымыз дұрыс деп санаймын», – деді Мұрат Жолдыхожаев.
Сонымен қатар, бапкерлер қазіргі таңда пайдаланып отырған спорт залға жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді. Қосымша спорт залына да сұраныс бар екені айтылды. Бұл мәселе спортшылардың жаттығу процесін тиімдірек жүргізу үшін өте маңызды екені атап өтілді. Өз кезегінде Мұрат Жолдыхожаев бұл мәселелерді назардан тыс қалдырмай, тиісті мекеме басшыларымен жедел байланысып, түйткілді жайттарды оңтайлы шешуге уәде берді.
Қазіргі уақытта федерация спортшылардың әлеуетін толық пайдалану үшін қажет барлық жағдайды жасауға тырысып келеді. Жаңа бастамалар мен өзгерістер федерацияның жұмысын жақсартуға, ауыр атлетиканың елімізде әрі қарай дамуына үлес қосуға бағытталған. Мұрат Жолдыхожаевтың сөзімен айтқанда, «Ауыр атлетика – еліміздің спорт саласындағы маңызды бағыттардың бірі болып қалмақ. Бұл салаға көңіл бөлу, жас таланттарды қолдау және жаттықтырушы-бапкерлердің жұмысын тиімді ұйымдастыру – біздің ортақ мақсатымыз».