Су – тіршіліктің өзегі, оның сапалы жеткізілуі мен халыққа қызмет көрсету – үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбекпен тығыз байланысты. Осы жауапты жұмысты атқарып жүрген бірегей тұлға – «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-ның бас инженері Мұрас Ілиясұлы Абдумаликов.
Мұрас Ілиясұлы 1975 жылдың 9 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Текесу ауылында дүниеге келді. Мұғалімдер отбасында тәрбиеленген ол, ата-анасынан еңбексүйгіштік, адалдық және жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерді бойына сіңірді. Әкесі Ілияс Абдумаликович пен анасы Шарипа Баймурзаевна зейнеткерлікке шыққан, бірақ олардың тәрбие мен еңбекке деген көзқарасы Мұрас Ілиясұлының болашақ өмірінің негізін қалады.
1982 жылы Текесу ауылындағы мектепке барып, 1992 жылы «Абай» орта мектебін тәмамдады. Мектепті бітіре сала, еңбек жолын құрылыс саласында бетоншы болып бастады. Жауапкершілігі мен еңбекке деген құштарлығы арқасында тез арада әріптестерінің сеніміне ие болды. 1993 жылы ҚазХТИ-ға түсіп, 1998 жылы М.Әуезов атындағы Қазақстан мемлекеттік университетін бітіріп, жоғары білім алды.
Әрдайым кәсіби өсуге ұмтылған Мұрас Ілиясұлы түрлі салаларда жұмыс істеді. Ол «АҚ СУ» ЖШС-да слесарь, «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС-де инспектор-контролер, «Тассай» су арнасы учаскесінде инженер, «Есімханов» ЖК-де инженер, «Сауран АБК» ЖШС-де директор қызметтерін атқарды. Бұл кезеңдерде ол түрлі қиындықтарды жеңіп, үлкен тәжірибе жинақтады.
2023 жылдың 12 қазанынан бастап «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-да қызмет етуде. Алғашында слесарь болып қабылданған Мұрас Ілиясұлы өзінің кәсіби біліктілігі мен табандылығы арқасында тез арада учаске басшысы лауазымына тағайындалды. Кейін шебер қызметіне ауысып, мекеменің жұмыс тиімділігін арттыруға үлкен үлес қосты. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ол әріптестерімен біріге отырып, көптеген жобаларды сәтті жүзеге асырды.
Қазіргі таңда Мұрас Ілиясұлы – ұжым арасында беделді басшы, сөзі өтімді, тәжірибелі маман. Оның жұмысы тек кәсіби салада ғана емес, адами қасиеттерімен де ерекшеленеді. Ол әрқашан ұқыптылық, талапшылдық және жауапкершілік қағидаттарына сүйеніп жұмыс істейді.
Отбасында сүйікті жар, алты бала тәрбиелеп отырған абыройлы әке. Мұрас Ілиясұлының еңбек жолы, өмірге деген көзқарасы мен адалдығы жас мамандар үшін зор үлгі. Оның өмірі – табандылықтың, еңбекқорлықтың және қоғамға қызмет етудің нағыз үлгісі.