Жастармен жүздесу – патриотизм бастауы

44

Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қолдауымен елжандылық пен патриотизмді насихаттайтын тағылымды кездесу өтті. Бұл шара ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай “Мерейлі 30 күн” жобасы аясында өткізілді. Жиынның басты мақсаты – жастардың бойында ұлттық құндылықтарды, Отанға деген сүйіспеншілікті ұялату және олардың азаматтық жауапкершілігін арттыру болды. Бұл кездесудің маңызы оның қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, жастарды қоғамдық өмірге белсене араластыруға бағытталған.
Шараның негізгі тақырыбы «Қазақстандық патриотизм – әрбір азаматтың міндеті» болды. Бұл тақырып жастарды қоғамдық белсенділікке, ел мүддесіне қызмет етуге ынталандыру мақсатында таңдалды. Қазақстандық патриотизмнің қазіргі қоғамдағы рөлі мен маңызды аспектілері, ел ішіндегі әлеуметтік бірлікті сақтап, тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ету сұрақтары да қозғалды.

Жиынға қатысқан қоғам белсендісі, Шымкент қаласы «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер-Аманат» кеңесінің төрайымы, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшесі Гүлайым Аскерқызы Шунгараева жастармен әңгіме өрбітіп, оларды қоғамдық жұмыстар мен елжандылыққа шақырды. Шара барысында спикер жастарға патриотизмнің тек әскери қызметпен шектелмейтінін, оның негізінде елді дамытуға деген адал қызмет, қоғамның әлеуметтік жағдайын жақсарту тұрғысынан түсіну керек екенін түсіндірді.
«Патриотизм – ұран емес, өмірлік ұстаным. Отанды сүю – оны қорғаудан, дамытуға үлес қосудан және айналаңдағы адамдарға мейірім мен қамқорлық танытудан басталады. Әрқайсымыз туған жеріміздің гүлденуіне жауаптымыз. Жастар – ел ертеңі ғана емес, бүгінгі күннің қозғаушы күші. Сондықтан сіздердің әр бастамаңыз, әр еңбегіңіз – болашағымыздың кепілі» – деп атап өтті Гүлайым Аскерқызы. Бұл сөздер жастарға үлкен жауапкершілік пен қоғамдық бірлестіктердің ел алдында атқаратын рөлі туралы маңызды түсінік берді.

Кездесу барысында жастар өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, тәжірибелі спикерден нақты кеңестер алды. Бұл ашық диалог қоғамдық ұйымдардың жастардың қоғамға деген көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын тағы бір мәрте көрсетті. Партиялық, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар жастарды қоғамдық белсенділікке тарту, олардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту және елдің дамуына өз үлестерін қосуға ықпал етуді басты мақсат етіп қойғаны анық болды.