БІЛІМ БЕРУ НЫСАНДАРЫНЫҢ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ

63

Шымкент қаласы мәслихатының уақытша комиссиясы жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары аясында бірқатар білім беру нысандарын аралап, олардың ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов және мәслихат депутаттары мектептерде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын пысықтап, бұл бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижелерін бағалады.

Комиссияның назарында бірінші кезекте дарынды балаларға арналған № 1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатының жаңа оқу жылына дайындық мәселесі болды. Бұл білім ордасында құрылыс-монтаж жұмыстары 85 пайызға аяқталған. Биыл ақпан айында басталған күрделі жөндеу жұмыстарының негізгі бөлімі аяқталса да, сыртқы абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасуда. Мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов мердігерге бұл жұмысты уақтылы аяқтап, белгіленген уақыт шеңберінде барлық стандарттар мен талаптарға сәйкес келетін деңгейде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, бірқатар сын-ескертпелер де айтылды.

Сондай-ақ, № 10 Ақпан батыр атындағы жалпы білім беретін орта мектепке де назар аударылды. Мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, бейне бақылау жүйесі де іске қосылды. Мәслихат төрағасы осы кезекте өрт қауіпсіздігі мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мәселелеріне ерекше назар аударып, СЭС (санитарлық-эпидемиологиялық станция) пен Өртке қарсы қызметтің тексеру актілерін қабылдау қажет екенін еске салды.

Қазіргі таңда қала бойынша 252 мектепке зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Уақытша комиссия өкілдері 180-ге жуық білім мекемесін аралап, олардың қазіргі жағдайымен танысты. Мәслихат төрағасы бұл жұмыстардың оқудың басталуына дейін аяқталуы маңызды екенін атап өтіп, құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталуын қадағалаудың маңызды екендігін айтты.

Барлық дайындық жұмыстарының нәтижесі мен болашақта қолға алынатын қосымша шаралар туралы мәслихаттың алдағы сессиясында толық баяндалмақ. Бұл шаралардың барлығы оқу жылының қауіпсіз әрі тиімді басталуына жағдай жасауға бағытталған.