Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров қоғамда ру мен жікке бөлінетіндер қарасы көбейіп бара жатқанын, оның елдің тұтастығына қауіпті екенін айтты, деп хабарлайды Orda.kz.
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайыровтың премьер-Министр Олжас Бектеновке ұлттық бірегейлікті дамыту туралы жолдаған депутаттық сауалына қарасақ, елдегі рушылдық үдерісі көбейіп барады.
«Жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлер рулық сананы жалаулатып, күнделікті тұтынатын футболка мен шапандарға ру атауын жазып, оларды «бренд» немесе «маркетингтік өнім» ретінде сатылымға шығаруда. Осындай келіссіз, қажетсіз тақырыпты арқау еткен арнайы фильм прокатқа шығыпты. Бұл арқылы кино түсірушілердің не айтпақ болғаны түсініксіз?! Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай? Тіпті бұл фильмді жарнамалау үшін жасалған арнайы экзпозицияда руға бөлінуді қойып, Қазақстанның картасын үш жүзге бөліп қойғанды көрдік. Бұл не деген бассыздық? Рушылдық тенденция қоғам ішінде мемлекеттік ойлау қабілетін коррозияға ұшыратып, мемлекеттілікті шашыратуға әкелетін қауіпті құбылыс», — дейді Ерлан Сайыров.
Еске сала кетсек, тәуелсіздік күні қоғамдық көлікке және өз көлігіне мемлекеттік туды іліп жүрген азаматтарды полиция тоқтатты.















