ШАРДАРА: ӨНДІРІСТІК ПАРК АУМАҒЫНДА ЖУЫРДА 6 ЦЕХ АШЫЛАДЫ

19

Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев өңір орталығында салынып жатқан өндірістік парк құрылысының барысын бақылады. Онда 6 өндірістік нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Аймақ басшысы кәсіпкерлермен кездесіп, олардың алдағы жоспарларымен танысты. Кездесу барысында аудан әкімі кәсіпкерлікті дамыту — өңір экономикасының маңызды бағыты екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау шаралары жалғаса беретінін жеткізді. Сонымен қатар, өндіріс орындарын іске қосу арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу және аудан экономикасын дамыту маңызды екенін айтты. Аудан әкімі жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Кейін аудан басшысы Тама ауыз су құбырының құрылысымен танысып, мердігер мекеме өкілдерінің атқарып жатқан жұмыстары жөніндегі есебін тыңдады. Жоба аясында диаметрі 560 мм болатын екі желілі су құбыры тартылуда. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 39 шақырымды құрайтын құбыр желісінің 27 шақырымы жүргізілген. Сонымен қатар, су жүйесіне арналған 26 камералы құдық орнатылған. Бүгінде 185 метр тереңдікте 6 ұңғыма қазылған. Тамада салынып жатқан екі дана 500 текше метрлік суқойма құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, қала, аумағында салынып жатқан екі дана шағын суқойманың құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Қазаншұңқыр қазу, бетондау және қабырғаларын тұрғызу жұмыстары орындалған. Құрылыс алаңында 110 жұмысшы мен 26 арнайы техника жұмылдырылған.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі