Иран Сыртқы істер министрлігінің басшысы Аббас Аракчи Тегеранның достық қарым-қатынастағы елдердің кемелеріне Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат бергенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новости басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тегеран мәлімдеуінше, олар достық қарым-қатынастағы бірнеше елге Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат берген. Бұл елдер қатарына Ресей, Үндістан, Ирак, Қытай және Пәкістан кіреді.
“Қарсыластарымызға бұғазды пайдалануға мүмкіндік берудің еш мәні жоқ”, – деп “Аль-Алям” телеарнасы министрдің сөзін келтіреді.
Аббас Аракчидің айтуынша, қарсылас елдердің кемелеріне Ормуз бұғазы арқылы өтуге тыйым салынған. Олар АҚШ пен Израиль.
“Қарсыластар бұғазды басқа мемлекеттердің көмегімен ашуға тырысқанымен, бұл әрекеттерден еш нәтиже шықпады. Бұғаз тек жауласып отырған елдердің кемелері үшін жабық”, – деді ол.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап, Иран мақұлданған тасымалдаушылар үшін бұғаз арқылы өтуді ақылы еткенін жазған. Сондай-ақ агенттік транзитті алдын ала мақұлдау жүйесін енгізу жоспарланып отырғанын хабарланды.
Сәрсенбі күні Bloomberg Вашингтон Тегеранға жолдады делінген бейбіт жоспар мәтінін жариялады. Ондағы 15 тармақтың біріне сәйкес, Ормуз бұғазы еркін кеме қатынасы аймағы болып қалуы тиіс.
Алайда Тегеран бұл талаптарды қисынсыз деп санап, қабылдаудан бас тартқан. Ал Ақ үй бұл жарияланымда жалған ақпарат көп екенін, дегенмен ішінде шынайы мәліметтер де бар екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Иран телеарналары елдің барлық талаптары орындалғанға дейін жауға қарсы тұратынын хабарлаған. Бұл талаптар қатарына болашақта соғыс қайталанбайтынына кепілдік беру, келтірілген шығынды өтеу және Ормуз бұғазын бақылау кіреді.














