Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Network School жобасының Қазақстандағы технологиялық экожүйенің қалыптасуына қосқан үлесін жоғары бағалап, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстан технологияны терең меңгерген көшбасшылардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында білім, ғылым және цифрлық құзыреттерге белсенді инвестиция салып жатқанын атап өтті.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бастамасына тоқталды. Оның айтуынша, бұл жоба келешек ұрпаққа маңызды әрі ауқымды мұра қалдыруға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында мектептер, университеттер мен медициналық мекемелерді қоса алғанда, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланған.
Сонымен қатар Президент Астанада Network School Kazakhstan желісінің іске қосылуын және жобаның Қазақстан университеттерімен, стартаптарымен, технологиялық кәсіпорындарымен серіктестікті кеңейту жоспарын құптады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Astana AI Film фестиваліне инвестициялық қолдау көрсеткені үшін Баладжи Шринивасанға алғыс білдірді.
Өз кезегінде Network School негізін қалаушы Қазақстанда озық технологиялық шешімдер мен экономиканың дәстүрлі салаларының өзара үйлесім тауып отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ Баладжи Шринивасан Network School Kazakhstan жобасының негізгі бағыттарын таныстырды. Жоба цифрлық шешімдерді дамытуға, адам капиталын нығайтуға және инновациялық әзірлемелерді енгізуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.















