Айсұлтан Назарбаев мемқызметкерлерге: Сендер құдай емессіңдер, Алла – біреу!

1998
Осыдан бір айдай бұрын түрмеден шыққанын хабарлаған Айсұлтан Назарбаев елге оралғаннан кейінгі қиындықтары жайлы Facebook-тегі парақшасына кезекті жазба жариялады. Орыс тілінде жазылған жазбасын Qamshy.kz ақпарат агенттігі қазақ тіліне аударып, оқырман назарына ұсынып отыр.
Президенттің жиен немересі қазақстандық мемлекеттік органдардан әбден көңілі қалған сыңайлы. Бізге белгілісі, Ресейдегі түрмеден бірде-бір құжатсыз оралған Назарбаев бар құжатын қайта жасату үшін мемлекеттік органдарға жүгінген болатын. Әрі қарайғы жағдайын Айсұлтан Назарбаев былай жазыпты:
Туған жер дегенді қалай түсінесіздер? Бәзбіреулер үшін ол құжатында белгіленген жер ғана. Енді бірі үшін өзін жайлы сезінетін мекен. Ал кейбірі мемлекетіне түп-тамырымен байланған, паспортыңда аты жазылған ба, жоқ па маңызды емес, ең бастысы ол мекенде өзін жақсы сезінеді.
Мен әртүрлі мемлекетте тұрдым, оқыдым, бірақ Отаным, атамекенім – Қазақстан екенін ешқашан ұмытқан емеспін. Біліп қана қойған жоқпын, жүрегіммен сездім. Алайда дәл қазіргі жағдай мұны тағы бір рет қаттырақ сезінуіме мүмкіндік жасап отыр.
Бұл үшін қазақстандық миграция қызметіне және ІІМ-не алғысым зор. Солардың арқасында мен қазір куәліксіз жүрген адаммын, жағдайым жақсы деп айта алмаймын, алайда Қазақстанға деген сезіміме нұқсан келтірген жоқ.
Жекеменшік ресейлік түрмеден шыққан соң үйіме бірде бір құжатсыз оралдым – бәрі ұрланған, жойылған еді. Ол жерге мені «түзу ниетті» адам орналастырды, ал шынында мен оған сенуім керек еді. Сол себепті елге оралғанда ешкімнің көмегіне сүйенбей, кәдімгі азамат ретінде құжаттарымды қайта жасату үшін қазақстандық органдарға жүгіндім.
Біздің мемлекеттік орган – нағыз тозақтың ортасы. Бір мекемеден екінші бір мекемеге жүгіртіп қойды: ІІМ, миграциялық қызмет, АХАЖ… Бірақ әрқайсысы менің жағдайымда не істеу керектігін білмеді, қауқарсыз болды. Қолдарын бір сілтеді. Шынымды айтсам, кәсіби маманды жолықтыра алмадым. Бұл мәселе мен үшін аса маңызды еді, алайда бұл ешкімді толғандырмады, мен өз Отанымның азаматтығынан айырылдым. Олар кәдімгі тірі адаммен сөйлесіп тұр, бірақ мен оларға масыл екенмін, себебі артық қимылдағылары жоқ.
Мен – Президенттің немересімін, барар жер, басар тау табарыма сенемін. Кімнен көмек сұрарымды да білемін және міндетті түрде барамын. Алайда қарапайым мемлекеттік органдар шешуі тиіс мәселеге бола мемлекет басшысына бекер жүгінгім келмейді, бұл әрекетім үшін ұялар едім. Жалпы осы мәселеде басты жауапкершілік кімге жүктелген? Құйрығын қимылдатқысы келетін жан бар ма? Әлде қол астындағы қызметкерлердің сапалы қызметін қамтамасыз ете алмай жүрген министрлер кінәлі ме бұған?
Мемлекеттік қызметкерлер өз елінің азаматтарын неге жек көреді? Көмек сұрап келген адамның бетін қайтаруға ұялмайсыздар ма? Бұл сұрақтарды сөйлесуіме мүмкіндік туған әр қызметкерге қойдым. Алайда жауап ала алмадым. Дей тұрғанмен, ұялар…
Бұл жазбам Қазақстанның мемлекеттік қызметкерлеріне арналады: сендер құдай емессіңдер, Алла – біреу. Өмір мәңгі емес, бір күні өлесіңдер, Алланың алдына барасыңдар. Сол кезде не деп жауап бересіңдер?
Өз жұмыстарыңды адал атқарыңдар, сол кезде ғана елдегі жағдай түзеледі. Сендердің өмірлерің де… Әр қазақстандық өз Отанының құрылысшысы, осыны түсініңдер!
Гүлім Жақан