Бағлан Әбдірайымов құмар ойындарымен әуестеніп, 200 мың долларынан айырылғанын мойындады

1627
«Жігіттер» тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов құмар ойындарына әуес болып, біраз уақыт бойы бұл әдетінен арыла алмай жүрген. Казиноға барамын деп қыруар ақшасының шашылғанын әншінің өзі де жасырмайды. Бүгінде ол сол әрекетіне өкінетінін айтты.
Бұл туралы Әбдірайымов Аман Тасығанның TalkLike бағдарламасында айтып берді, деп жазады Stan.kz.
«Әр адамның бойында өзінің құмарлығы болады. Соны оятып алсаң, айналып өте алмайсың» деп бастаған әнші құмар ойындарына деген әуестігі 3 жыл бұрын басталғанын айтты.
«Бастапқыда міндетті түрде ұтады екенсің. Жиі ұтқаннан кейін екі казиноға жолым жабылды. Ұтқанда 500 мың доллар немесе миллион доллар ұтқан жоқпын. Тек мен оларға ыңғайсыз ойыншы едім. 500 доллар, 1000 доллармен ойнайтын едім. Бастысы ұтылмай қайту деген қағидам болған», – дейді әнші.
Алайда Бағлан мырзаға сәттілік әрдайым жолдас бола бермеген. Тек ойынға деп 80 мың доллар ұстап жүргенін айтқан әнші  ұтылған сәттерінің де жиі болғанын жасырмайды.
«Кейін орнымнан тұра алмайтындай болдым. Қанағатым мен шыдамым бітті. Ең бірінші 30 мың доллар ұтылдым. Бір үстелде 24 сағат отырып ойнаппын. 30 мың долларды 4 рет ұтылып, 4 рет қайтарып алып, соңында шамам келмегеннен кейін ұтылып қайттым. Кейін 15 мың доллар апарып ойнап, оның үстіне 10 мың доллар қосып ұттым. Бәрібір кешегі 5 мың долларым жетпей тұр. Соны ұтып алсам қоямын деп ойладым. Сөйтіп әр барған сайын осылай қалдырып кетіп отырдым. Азғандай уақыттың ішінде біршама ақша қарыз болып қалғанмын. … Бас-аяғы 200 мың доллардың шамасында қарыз болдым», – дейді Әбдірайымов.
Өз сөзінде әнші құмар ойындарына әуестенемін деп өзгелердің сенімінен айырылып қалған сияқтымын деп өкінеді. Қарыздан кұтылу жолында көп адамға жексұрын болдым, дейді ол.
«Қазір ондай арам ой жоқ. Тек «әттеген-ай» дейтін өкініштер болады. Қарыздан құтылу жолында көп адамға жексұрын болдым. Іздемеген жері жоқ. Біраз адаммен қарым-қатынасым дұрыс емес болып қалды. Алған таяғым, сабағым көп болды ғой», – дейді Бағлан Әбдірайымов.
Сондықтан “Жігіттер” тобының әншісі ендігі казионға жоламаймын деп бекініпті.
«Казиноға екінші рет барғанымда маған ешкім: «Қой», «Сен қайтып келіпсің ғой», – деген жоқ. Өзім казиноның басшыларын шақырып: «Тағы қайтып келсем, мені кіргізбеңіздер», – деп ерікті түрде есікті жаптырып кеткенмін», – дейді ол.
Дереккөз:stan.kz