Депутаттар Түркістан облысының Ордабасы ауданында теміржол құрылысын ертерек бастауды сұрады

1122
Түркістан облысы Ордабасы ауданында кіреберіс теміржолдарды салуға жоспар бойынша қаражат 2020 жылы бөліне бастайды. Алайда бір топ сенатор бұл қаржыны Үкімет басшысынан биыл бөлуді сұрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Асқар Бейсенбаев, Әли Бектаев, Мұратбай Жолдасбаев, Әлімжан Құртаев пен Еділ Мамытбеков қатарлы халық қалаулылары жұма, 31 қаңтар күні өткен Сенаттың жалпы отырысында Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдады. Оған зер салсақ, теміржол құрылысын ертерек бастау мұнай-химия саласындағы ірі кәсіпорынды іске қосу үшін қажет.
«Шымкент қаласының республикалық маңызы бар мәртебе алуына  байланысты, Түркістан облысы бюджетінің кіріс бөлімі төмендейтіні белгілі. Елбасының тапсырмасына сәйкес, облыстың бюджет кірісі мен өсімін ұлғайту, кәсіпкерлерді барынша қолдау — өңірді дамытудың негізгі мақсаттарының қатарына жатады.  Бұл орайда, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын іске асыру, оның ішінде кәсіпкерлерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету маңызды. Осы мақсатта «2019 — 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңын іске асыру» туралы Үкімет қаулысына сәйкес, Түркістан облысы Ордабасы ауданында «Standart petroleum $ CO» ЖШС-нің кіреберіс теміржолдарын салу үшін республикалық бюджет есебінен 2020 — 2021 жылдарға 940 миллион теңге қарастырылған», — дейді сенатор Асқар Бейсенбаев.
Оның айтуынша, «Standart petroleum $ CO» кәсіпорнының инвестициялық құны 120 млрд теңге, қуаттылығы жылына 2,0 млн тонна мұнай-химия өнімі болып отыр. Сонымен қатар, жоба 522 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
«Жобаны іске қосу жұмыс орындарының пайда болуымен қатар, салық түсімдерінің көлемін де ұлғайтады. Нәтижесінде, облыстың қаржылық тұрақтылығы күшейеді. Бұл жобаның Түркістан облысымен қатар, мемлекетіміз үшін де маңызы зор екендігін атап өту қажет. Аталған жобаны іске қосу 2020 жылдың І тоқсанына жоспарланған.
Алайда, кіреберіс темір жолдарсыз бұл жоба жұмыс істемейтіні белгілі.  Жобаның уақтылы іске қосылуы аталған темір жолдардың ертерек салынуына тікелей байланысты», — дейді депутат. Сенаторлар осы себепті Ордабасы ауданында теміржол салу үшін республикалық бюджет тарапынан 2020 — 2021 жылдарға қарастырылған қаражатты 2019 жылы бөлуді қарастыруды сұрады.