Басты Қазақстан Ақтөбеде әкімнің есеп беруіне келген жалғызбасты ана шу шығарды
Ақтөбеде әкімнің есебіне келген жесір келіншек мектеп директорын пара сұрады деп айыптаған деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Баласы жасқа толмай күйеуінен айырылған келіншек, қазір жұмыссыз қалып, тұрмыс жағдайы төмен екенін жеткізді. Әкімнің есеп беру кездесуі кезінде микрофонды қолына алып, мектеп директорын кінәлады.
«Жолдасым үш жыл бұрын қайтыс болған. Бір бала өсіріп отырмын. Өзім бір айдан бері жұмыссызбын. Әр мектептің есігін тоздырып жүрмін. Олар менен 200 мың теңге пара талап етеді. №60 мектеп директоры Абзал Тәжімішовты орнынан босатуды талап етемін. Ол кісі менің дипломымды лақтырды. Осы кісі орнын босатсын. Оны сотқа беремін», — деп күйінді келіншек.
Айтуынша, оны еш жер жұмысқа алмай жүр. Қазір нанды дүкеннен қарызға алып жеп отырғанын айтып шырылдады.
«Мені кім асырайды? Үйім банкте кепілде тұр», — деді Ләззат Бадауова.
Келіншектің бұл мәлімдемесінен кейін әкімнің есебіне шұғыл шақыртылған мектеп директоры келіншектің жала жауып отырғанын айтты. Осы үшін директор полиграфтан өтіп, бұрынғы қызметкерімен соттасуға дайын.
«Бұл мұғалім бізде 2017 жылдың 12 — 21 қыркүйегі аралығында жұмыс істеді. Мектеп басшылығымен кикілжіңге келді. Менде ол кездегі видео жазба сақталған. Полиграфтан детектор қондырғысынан өтіп, шындықты айта аламын. Мен ол кісіні сотқа беремін. Заң аясында өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеп шығамын», — деді № 60 мектеп директоры Абзал Тәжімішов.