Қазақстандық боксшылар Софияда өтетін халықаралық жарысқа қатысады

997
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы София қаласында өтетін ірі халықаралық жарысқа қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық олимпиада комитеті хабарлағандай, 14 ақпан күні Болгария астанасында басталатын турнирде елімізден он боксшы рингке шығады. Олардың арасында 2016 жылғы Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит (91 кг), әлем чемпионы Қайрат Ералиев (56 кг), Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) бар.
Сонымен қатар, Теміртас Жүсіпов (49 кг), Әнуар Мұзаппаров (52 кг), Зәкір Сафиуллин (60 кг), Санатәлі Төлтаев (64 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Ерік Әлжанов (75 кг) және Бек Нұрмағанбет (81 кг) сынға түседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық боксшылар Венгрияда өткен турнирге қатысқан болатын. Онда олар үш алтын, бір-бірден күміс және қола медальға ие болды. Атап айтқанда, Сәкен Бибосынов (52 кг), Серік Теміржанов (60 кг), Тұрсынбай Құлахмет (75 кг) чемпион атанса, Оразбек Асылқұлов (56 кг) күміс, Сабыржан Бекбергенов (64 кг) қола жүлдемен оралған еді.