Жаңа министр: Мен журналистерден қашпаймын, олармен дос боламын

1511
ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев алдағы уақытта журналистерден қашпай, олармен достық қарым-қатынаста болатынын айтты, деп жазадыTengrinews.kz.
«Мен сіздерден ешқайда қашпаймын, дос боламын. Жанымда кеңесшім бар, жұмыс басталып та кетті», — деді жаңадан сайланған министр.
Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта өрт қауіпсіздігіне баса назар аударып отырғандығын айтты.
«Бірнеше шаралар жоспарланған, қазірде ол ақырындап жүзеге асып келе жатыр. Ең басты мәселе – бүгінде елімізде времянкалар көп және олардың басым көпшілігі пеш жағады, ал ол пештері өртке қарсы қауіпсіздік шараларына сай келмейді. Олардың барлығымен профилактикалық жұмыстар жүргізу үшін бүкіл Қазақстанға өрт сөндірушілер жетпейді», — деп айтып өтті министр.
Өз сөзінде ведомство басшысы барша қазақстандықтарға қарапайым өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.
«Адамдар, ең алдымен, өздері және жақындарының қамын ойлауы тиіс. Қандай жағдай болса да, үнемі мемлекет кінәлі деп есептейді. Иә, біз расымен де өрт қауіпсіздігін қадағалайтын жауапты мекемеміз. Алайда, өз балалары, баспанасы мен жақындарының қауіпсіздігіне, ең бірінші, тұрғындар жауапты», — деп айтып өтті Тұрғымбаев.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 12 ақпанында Ерлан Тұрғымбаев ҚР Ішкі істер министрі қызметіне кіріскені белгілі. Экс-министр Қалмұхамбет Қасымов болса ,Елбасының кеңесшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындалды.
Ал 18 ақпанда Нұрділдә Ораз ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі қызметіне кірісті.
Ұсынған: Назерке Лабихан